Қоғам

Үздік салық төлеушілер анықталды

Салық уақытылы төленуі тиіс. Берілген мерзімде өтелмесе, бұл әрекет жауапкершілікке тартуға әкелуі мүмкін. Бұл әсіресе кәсіпкерлердің жұмысын қиындатады. Есеп шоты бұғатталады, салдарынан қызметкерлеріне жалақы аудара алмайды. Мұндай келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары азаматтар арасында түсіндіру және ынталандыру шараларын өткізіп тұрады.
Бүгін солардың арасынан үздік салық төлеушілер анықталып, марапатталды.

Төлеген Қабдөшев, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

Біз жеңімпаздарды бірқатар критерий бойынша анықтадық. Алдымен кәсіпкерлердің салық төленген құнына назар аударылды. Кейін олардың заң бұзбағандығы мен қарыздарының жоқтығы тексерілді.

Марапат алған жандардың – бірі Елена Балярихина. Азаматша -көпсалалы жабдықтар зауытының директоры. Бүгінгі таңда кәсіпорында 150-ден астам адам еңбек етеді. Іскер нәзікжандының айтуынша, салықтың уақытылы төленуі бизнестің өркендеуіне ықпал етеді.

ЕЛЕНА БАЛЯРИХИНА, «Көпсалалы жабдықтар зауыты» ЖШС директоры:

Үздік салық төлеуші атанып отырғаныма қуаныштымын. Кәсіпкер ретінде салықты уақытылы төлеп отыруға тырысамын. Бұл менің ұраным десем де болады. Алдағы уақытта да осы қарқынымыздан таймаймыз деген үміттемін.

Жалпы, биылғы жылы солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерден мемлекет бюджетіне түсетін салық көлемі 200 млрд теңгені құрайды деп шамаланып отыр. Бұл өткен жылға қарағанда 30 млрд-қа көп.

 

Ақтолқын Солтанханқызы