Петропавл қаласының ТЖБ қызметкерлері күнделікті әлеуметтік осал отбасылардың үйлерін аралауда. Мамандар әр баспанға кіріп, пештер мен газ жабдықтарын мұқият тексеруде, қауіпті ақауларды анықтап, жою жолдарын көрсетуде және дабыл датчиктерін орнатуда. Алақандай ғана құрылғы – адам өмірінің қорғаны. Ол нысын ішіне қою түтін, улы газ тараған кезде бірден дабыл қағады.
ӘДІЛХАН СЕЙСЕМБЕКОВ, қалалық ТЖБ аға инженері:
— Біз орнатып жатқан датчиктер – улы газ қауіпті деңгейге жеткенде дыбыс шығаратын маңызды құрылғы. Ол өрт немесе өзге де төтенше жағдай туындағанда тұрғындарды уақытылы хабардар етеді. Пайдасы зор. Осыны адамдар білсе дейміз.
“Береке” ықшам ауданындағы үйлерде құтқарушылар бұған дейін болған. Алғаш келгенде кемшіліктерді айтып, жоюды сұрапты. Бүгін тиісті жұмыстың жүргізілгеніне көз жеткізу үшін қайта келіп отыр. Өкінішке қарай, Нұрханым Сәлімбаева жалдап тұратын баспанада өзгеріс орын алмапты.
НҰРХАНЫМ СӘЛІМБАЕВА, қала тұрғыны:
— Біз жер үйде тұрамыз. 4 баламыз бар. Бізге қауіпсіздік үшін арнайы датчик орнатты және барлық қауіпсіздік ережелерін ескертті. Газ баллонын қолдану кезіндегі ережелерді де айтты.
Жылыту маусымы басталғалы Петропавлдағы әлеуметтік осал отбасыла тұратын үйлерге 200-ден астам датчик орнатылған. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.
Жангельді Жамалиев