Тайынша ауданында халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған түрлі нысандар бой көтеруде. Ескілері жөнделіп те жатыр. Сондай ғимараттың бірі – Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасы. 80-шы жылдардың басында бой көтерген медициналық мекеменің қазір бірінші қабаты күрделі жөндеуден өтуде. Маңызды іспен жергілікті «Петробилдинг» серіктестігі айналысуда.
ЖАНАТ БЕЙСҰЛТАНОВ, «Петробилдинг» ЖШС қызметкері, Тайынша ауданы:
— Жөндеу жұмыстары 20 күн бұрын басталды. Қазіргі таңда нысанның ішін бұзып жатырмыз. Мұнда 12 қызметкеріміз тер төгуде. Барлығы – білікті мамандар. Маңызды істі мамыр айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Аурухананың бірінші қабатына күрделі жөндеу жұмыстары “Ауылдық медицинаны жаңғырту” бағдарламасы аясында жүргізілуде. Жоба құны – 1 млрд 300 млн теңге. Айта кету керек, емдеу мекемесінде 200-ден астам адам еңбек етеді. Оның 65-і – дәрігер. Директордың сөзінше, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында ауруханаға түрлі қондырғылар сатып алынып тұрады.
МАҚСАТ ҚҰДРАТУЛЛАЕВ, Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының директоры:
— Ауруханаға мемлекет тарапынан жүрекке ота жасайтын қондырғылар әкелінеді. Олар бізге күрделі оталар жасауға мүмкіндік береді.
Ұдайы заманауи жабдықтармен толығатын аурухана 90 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Оның ішінде Айыртау, Ақжар және Уәлиханов ауданының тұрғындары бар. Сондықтан да мекемеге ауданаралық мәртебесі берілген. Бұл – шалғайда тұратын науқастарға сапалы жәрдем беру мақсатында және облыс орталығына қатынамас үшін қабылданған шара.
Нұрасыл Ахмет