Құқық қорғау органдары

СҚО-да “Газбаллон” акциясы қарқын алды

Солтүстік Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Қазір өңірде “Газбаллон” акциясы жүріп жатыр. Оның аясында құтқарушылар мен полицейлер автокөліктерге орнатылған газ жабдықтарының жағдайын тексеруде. Мақсат – темір тұлпарларда көгілдір отынның таралуына, оттың шығуына жол бермеу және жүргізушілерге қауіп жайлы айту.

БОЛАТ ОСПАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:

— Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 457 өрт тіркелді. Өкінішке қарай, 30 адам қаза тапты, марқұмдардың үшеуі – бала. Ал 32 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Статистикаға сүйенсек, биыл өңірде тіркелген өрттің 57-сі автокөліктерден шыққан.

Статистиканы әрмен қарай өршітуге болмайды. Мамандар әр жүргізушімен жеке сөйлесті, газ жабдығын дұрыс орнату, күту жайлы мол мағлұмат берді және төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету тәртібін түсіндірді. Негізгі ережені білу керек. Себебі, қас пен көздің арасында бұрқ ететін от, жарылатын газ баллоны адамның өміріне қауіп төндіреді.

АНДРЕЙ КОСТЫРЕВ, жолаушы тасымалдаушы, Есіл ауданы:

— Мен жолға шығарда көлігімді толыққанды тексеруден өткіземін. Рөлде отырғаныма 15 жылдан асты. Двинск пен Петропавл арасында жолаушы тасымалдаймын. Барлық жол ережесін қатаң сақтаймын.

Айта кету керек, аймақта “Газбаллон” акциясы желтоқсанның 5-ші жұлдызына дейін жалғасады. Мамандар алдағы бірер күнде көгілдір отынмен жүретін көліктерді барынша қамтуды жоспарлап отыр.

 

Жангельді Жамалиев