Түстен кейін Қызылжар ауданындағы құс тұмауына қатысты қосымша дерек мәлім болды. Іргедегі Шаховское ауылына облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов барып, балапан санар уақытта шығынға батқан халықпен кездесті. Қазір қырылған қанаттыларды жою жұмысы жүріп жатыр. Ол үшін арнайы шұңқыр қазылған.
ЕРБОЛ БӘГЕНОВ, Қызылжар ветеринария станциясының директоры:
— Шаховское ауылында барлығы – 7 мың 200 құс қырылды. Оның 6 мың 800-ін шұңқырға тастап, күйдірдік.
Елдің еңсесі түскен. Бұл жандарды түсінуге болады. Олардың бірі қанаттыларды сатып, пайда табуды көздесе, екіншісі азық үшін жаз бойы еңбек етті.
РУСТАМ ҚАЛМҰРЗИНОВ, Шаховское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Мыңнан астам құсым болды. 5 күннің ішінде оның 200-і ғана қалды. Не істерімді білмеймін. Шығынға белшеден баттым.
Тығырыққа тіркелген тұрғындардың бар қалауы – биліктен көмек алу. Халықтың дегені орындалады. Кездесу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары қаржылай қолдау көрсетілетіндігін мәлім етті.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
— Сынама қорытындысы бойынша құстар пастереллез ауруынан қырылған. Бұл – сіздердің ғана мәселелеріңіз емес, ортақ түйткіл. Аудандық әкімдік тарапынан 50 пайыз өтемақы төленеді. Тұрғындардан әзірге тұмсықтыларды соймауды және етін тұтынбауды сұраймын.
Айта кету керек, бүгінде Қызылжар ветеринария станциясының қызметкерлері құс қырылған үйлерге де барып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.
Нұрасыл Ахмет