Жыл бойы өңір намысын абыроймен қорғаған жас спортшылар құрметке бөленді. Петропавлда ашихара каратеден республикалық додаларда атой салған ұл-қыздар марапатталды. Бұл шара болашақ олимпиада және әлем чемпиондарына жігер сыйлап, алдағы бәсекелерде тұғыр биігінен көрінуге серпін берері сөзсіз.
АҚЖАН НӘКЕНОВ, “QAGAN ACADEMY SKO” спорт клубының басшысы:
— Биыл клубымыздың 7 спортшысы ел чемпионаты мен кубогында атой салды. Республикалық додаларда 15-ке жуық жүлде еншіледік. Бұл жыл бойы талмай еңбек етуіміздің арқасы деп білеміз. Жаттығудан қалмайтын, жауапкершілігі мол жастар ғана жетістікке жете алады.
Шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қатысып, аталған спорт түріне ұдайы қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесуде кезінде ашихара каратеден жаһандық додаларда жүлде алған спортшылар да бой көрсетті. Олар ізбасарларына баға жетпес ақыл айтты. Әділхан Айтжанның кимано киіп, татамиге шыққанына 4 жыл болған. Жігерлі жас ағасының жолын қуыпты.
ӘДІЛХАН АЙТЖАН, ашихара каратеден ел чемпионатының жүлдегері:
— Биыл Астанада өткен ел чемпионатына қатысып, қола жүлде еншіледім. Араға бір ай салып, Павлодарда Қазақстан Кубогында күміске ие болдым. Қос жарыста чемпион атануға сынық сүйем ғана жетпей қалды. Қателіктерімнен сабақ алдым. Олқылықтардың орнын толтырып, келесі жылы сайыстардан жеңіспен оралуға тырысамын.
Ашихара каратенің басқа түрлеріне ұқсамайды. Мұнда соққы жасаумен қатар, күресуге және аяқтан шалуға рұқсат етіледі. Айта кету керек, шараны қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Олар жүздесу барысында ұл-қыздарға бағалы сыйлықтар табыстады.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Жыл соңында жас спортшылармен кездесеміз. Қаржылай көмек көрсетіп, бағалы сыйлықтар табыстаймыз. Бұл олардың мерейін үстем етеді, әрмен қарай жаттығуға, жүлде еншілеуге күш береді. Игі дәстүр жалғасын табады. Аптасына 3 рет спорт түрлері бойынша чемпион атанған жастармен кездесіп отырамыз.
Облыста ашихара каратенің танымалдылығы артып келеді. Бүгінде спорттың бұл түрімен 200-ден астам бала жаттығады.
Нұрасыл Ахмет