Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Облыс әкімі елордада есеп берді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында есеп берді. Алдымен аймақ басшысы өңірдің дамуын баян етті. Ағымдағы жыл несімен есте қалмақ? Әрине, ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістіктерімізді ұзақ ұмытпаймыз. Биыл жинаған астығымызбен кеуде қағуға болады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша айтсақ, 6 жарым млн тонна өнім жиналды. Майлы дақылдар бойынша айтсақ, 1 млн 200 тонна бастардық. Бұл тарихи максимум болып саналады.

Мал шаруашылығы, өндіріс, инвестиция тарту, құрылыс. Бұлардың барлығында оң өзгеріс бар. Ілкімді істер өңірді алға сүйрейді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— 2029 жылға дейін облыс орталығында барлық көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аударылады.

Брифингтің негізгі бөлігі сұрақ-жауаптан тұрды. Петропавлда қазақ тілді балабақша ашыла ма? Бұл – көптің көкейіндегі сауал. Ғауез Нұрмұхамбетов балаларын күнде тасымалдайтын жерлестерімізге жағымды жаңалықты жеткізді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Желтоқсанның 15-ші жұлдызында “Жас Өркен” ықшам ауданында балабақша ашылады. Бұнымен шектелмейміз. Алдағы уақытта Уәлиханов көшесі бойында тағы бір мектепке дейінгі білім беру салынады. Бұл орын тапшылығын 98,5 пайызға азайтады.

Журналистерді Жоғары аудиторлық палатаның тексеріс қорытындысы қызықтырды. Жақында өңірімізде мемлекеттік аудит аяқталып, төбе шашты тік тұрғызар нәтиже жарияланғаны мәлім. Аймақта бірсыпыра қаржылық бұзушылық орын алған. Бұған қатысы бар жандар жазаланды. Мысалы, 5 лауазымды тұлға – әкімшілік, ал 12 адам тәртіптік жазаға тартылды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Расымен, Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік аудит аяқталды. Оның қорытындысы бойынша 28,3 млрд теңгенің заңбұзушылықтары тіркелді. Бүгінгі таңда соның 25 млрд теңгесі қайтарылды. Ендігі міндет – 3 млрд теңгені қайтару. Біз тапсырманы орындаймыз. Айта кетерлік жайт, ақша жымқыру фактісі анықталмады. Бұл аса маңызды жайт болып табылады.

“Жаңажол” өткізу бекетіне дейінгі жол қашан тапсырылады? Брифингте осындай да сауал қойылды. Бүкпесіз айтсақ, жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Халық тақтайдай тегіс жолды асыға күтіп отыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бұл жолдың ұзындығы 37 шақырымды құрайды. 31 шақырым жөнделді. Ендігі қалған 6 шақырым келесі жылы аяқталады.

Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға үйлер тапсырылғаны аян. Бүгінде “Бірлік” ықшам ауданында тіршілік қызған. Дегенмен, алаңдатарлық мәселе де бар. Мұндағы халықтың барлығы бірдей баспаналарын рәсімдеп, аттарына түсіре алмауда. Аймақ басшысы түйткілге қатысты пікір білдірді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— 700 үйдің 250 үйіне қатысты құжаттар рәсімделіп, тұрғындарға тапсырылды. Жұмыс жалғасып жатыр. Қалған шаруа 1-2 айдың ішінде аяқталады.

Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифинг 2 жарым сағатқа созылды. Облыс әкімі ондаған сауалға жауап берді, өзекті мәселелер қағазға түртіп алынды. Ғауез Нұрмұхамбетов түйткілдердің әрқайсысы бойынша жұмыс жүргізілетінін тілге тиек етті.

 

Байболат Құлтанов