Қоғам

Нәзікжандыларға қауіптен қорғану тәсілдері көрсетілді

Әрбір нәзікжанды төнген қауіптен қорғана білу қажет. Ол үшін қорғаныстың әдіс-тәсілдерін меңгерген абзал. Бұл тұрғыда спортшылардың кеңесіне сүйенген маңызды. Петропавлда қыз-келіншектерге ерекше шеберлік сабағы өткізілді. Каратешілер, атақты боксшы Наталья Богданова мен жедел әрекет ету арнайы жасағының мамандары жиналған қауымға білген-түйгендерімен бөлісті.

ВИКТОРИЯ ВИТЧЕНКО, кекушинкай карате жаттықтырушысы:

— Кез-келген әйел адам оңай меңгере алатын қарапайым тәсілдерді көрсетіп жатырмыз. Қолдан босап шығу, шабуылдаушыны тоқтату, дұрыс қашу тактикасы бар. Соларды айттық, іс жүзінде көрсеттік. Мұндай сабақ нәзікжандылардың қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосады. Егер қыз-келіншектер каратемен айналысқысы келсе, біздің қатарымызға қосыла алады. Ұдайы жаттығу жасау арқылы әрбірі мықты бола түседі.

Шараға шамамен 70-ке жуық адам қатысты. Барлығы нұсқаушылардың қимылдарын қайталап, тәсілдерді меңгерді. Көшеде немесе үй жағдайында қауіп төнсе, бұл әдістерді қолдануға болады.

ДАРЬЯ СОРОКИНА, студент:

— Үйде әкеммен және атаммен түрлі жаттығулар жасап тұрамыз. Олар маған қорғану қимылдарын көрсетеді. Атам кезінде спортшы болған, тәжірибесі мол. Бүгін көрсетілген кейбір әдіс-тәсілдерді жақсы білемін. Осындай жиындарға жиі қатысуға тырысамын. Себебі, кез-келген жан өзін және жанындағы адамды қауіптен қорғай білуі қажет.

Мұндай шеберлік сабағы алдағы уақытта тағы ұйымдастырылады. Мамандар әртүрлі жастағы нәзікжандыларды қамтуды мақсат етіп отыр.

 

Мәдина Қаби