Қоғам

Мейірхат Әбілмәжінов: Автобуспен жүру құны екі жыл бойы өспейді

Қазіргі таңда Петропавл тұрғындары мен қонақтары автобуспен 18 бағытта қатынайды. Ал тасымалдаушы техника саны 180-нен асып жығылады. Облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейірхат Әбілмәжіновтің сөзінше, 5 жылдың ішінде қалаға 100 жаңа автобус сатып алынған. Бұл – машина-техника паркінің тең жартысы жаңарды деген сөз.

МЕЙІРХАТ ӘБІЛМӘЖІНОВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

— Биыл автобустарды күтіп ұстауға 850 млн теңгеге жуық субсидия бөлінді. Аялдамалардың тең жартысына ақпараттық тақта орнатылған. Біз келесі жылы бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Мейірхат Әбілмәжіновтің сөзінше, алдағы жылдары автобуспен жүру құны өспейді. Түсірілім барысында аялдамаларда қоғамдық көлік күтіп тұрған жандармен тілдестік. Олардың тасымалдаушы техникадағы жасалған жағдайға көңілдері толады.

Автобустың іші жылы, бар жағдай жасалған. Жүру бағасы да қолжетімді. Маған ұнайды.
Автобустар уақытында келеді. Көбінесе 27-ші маршрутпен жүремін. Іші кең. Орын да жетерлік.
Қоғамдық көліктің бағасы картамен төлеген кезде қолжетімді. Ал қолма-қол есеп айырыссақ, қымбатқа шығады. Осы мәселені қарастырса екен деймін.

Айта кетейін, аудандардан облыс орталығына 165 қоғамдық көлік қатынайды. Тұрғындарының саны 100-ден асқан елді мекендердің 85 пайызында автобус жүреді. Қызылжар халықаралық әуежайы арқылы теріскейліктер ел мегаполистеріне, яғни, Астана, Алматы мен Шымкент қалаларына қас пен көздің арасында жете алады. Еске сала кетейік, ұшақтар елордаға күнде, оңтүстік астанаға – аптасына 5 рет, шырайлы Шымкентке 2 рет қатынайды. Биыл шет мемлекетке де рейс ашылған.

МЕЙІРХАТ ӘБІЛМӘЖІНОВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

— Биыл әуежай басшылығымен бірлесіп, Петропавлдан Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласына рейс аштық. Ұшақтар Бейбарыс сұлтан билік құрған мемлекетке 10 күн сайын қатынай алады. Бағасы туристік турдың ішіне кіреді. Алдағы уақытта басқа да мемлекеттерге тікелей рейс ашуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, биыл облыста 3 теміржол вокзалы күрделі жөндеу көруде. Ондағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

 

Нұрасыл Ахмет