Жуырда әлеуметтік желіде МӘМС аясында балаларға имплант немесе брекет орнатуға болады деген ақпарат тарады. Көпшілік қуанып, жағымды пікірлер жазылды. Алайда, қор бұл мәліметтің жалған екенін хабарлады. Қазіргі таңда елімізде ұл-қыздарға жедел және жоспарлы түрде бірқатар стоматологиялық қызмет қарастырылған. Атап айтсақ, тізім күрделі тісжегіні емдеу, тіс түбірін пломбалау, тіс жұлу, абсцесті ашу, пластикалық операциялар, пародонт қалталарын санациялау сынды қызметтерден тұрады. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандарға ортодонтиялық көмек көрсетіледі. Негізі, жоспарлы стоматологиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер алады. Ал жедел стоматологиялық көмек балалар мен аяғы ауыр нәзікжандылардан бөлек, зейнеткерлер мен ҰОС ардагерлеріне, 1, 2, 3-ші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға көрсетіледі.