Өңірде аудан әкімдерінің журналистер алдындағы есептік кездесуі аяқталды. Дәстүрлі науқанды Қызылжар ауданының басшысы Бейбіт Исманов қорытындылады. Тізгін ұстағанына көп болмаған атқамінер тілшілерге бірсыпыра жұмысты баян етті.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
— Өткен жылы 5 шағын ауылда су тазарту кешені орнатылды. Біз бұл жұмысты жыл соңына дейін тағы 3 ауылда жалғастырамыз.
Қызылжар ауданы дегенде ойымызға бірден су тасқыны және қанаттылардың қырылуы сынды мәселе келеді. Алғашқысы бойынша алдын алу шаралары жалғасып жатыр. Екінші түйткілге де баса мән берілген.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
— Осы жылы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Асаново, Бәйтерек, Пеньково және Соколовка ауылдарында 4 жаңа мал қорымы салынды. Якорь ауылында бірінші тұрақты ветеринариялық пункт құрылды.
Құс қырылған ауылдың бірі – Бугровое. Бүгінде мұндағы халыққа өтемақы толық төленбеген. Ал Шаховское тұрғындары мүлде көмек алмапты. Жерлестеріміз билікке алақан жаюға мәжбүр.
БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
— Біраз тауық пен қаз қырылды. Қазіргі таңда тұрғындарға 40 пайыздай өтемақы төленді. Жақын уақытта төлемді 50 пайызға жеткіземіз. Шаховское ауылы бойынша 7 мыңдай құс қырылды. Сынаманың қорытындысы келеді. Сол бойынша шешім қабылдаймыз.
Айта кету керек, Бугровое халқына ақшалай жәрдем бюджеттен тыс қаржы есебінен беріліп жатыр. Ал пастереллез ауруымен келіспеген Шаховское тұрғындары қайта сынама алғызған. Мұнда құс тұмауы дәлелденсе, шығынға батқан адамдарға мемлекет есебінен көмек беріледі, дәлелденбесе, бірінші аталған ауылдағыдай қолдау көрсетілуі мүмкін.
Байболат Құлтанов