ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
— Қазіргі таңда тәртіп сақшылары облыс бойынша “Қауіпті жүргізуші” жедел-профилактикалық шарасын өткізуде. Оның барысында темір тұлпар иелері тексеріліп, жаяу жүргіншілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
“Мазда” маркалы темір тұлпар тізгіндеген жүргізуші көлік нөмірі көрінбегендіктен тоқтатылды. Тәртіп сақшысы қырағы екен. Ол тексеріс барысында алдыңғы әйнектің шытынағанын да анықтады. Ал бұл жағдайда жылжымалы мүлік иесі айыппұл арқалайды.
Алдын алу шарасының мақсаты – жүргізушілерді жазалау емес, темір тұлпар иелеріне қауіп жайлы айту, ережені түсіндіру. Мамандар өңір тұрғындарын жылдамдық режимін сақтауға, қарсы жолаққа шықпауға шақырады.
ЖАСҰЛАН СӘДУАҚАСОВ, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының взвод командирі:
— Желтоқсанның 1-інен бастап 7-ші жұлдызын қоса алғанда республика аумағында “Қауіпті жүргізуші” профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. 2 күн ішінде жол жүрісі қағидаларының 254 бұзушылығы анықталды.
Егер жүргізушілер қоғамға келтірер қауіпті ұғынса, сақ жүреді. Бұл жолдағы апатты, адам шығынын азайтары сөзсіз. Алдын алу шарасының пайдасы зор. Айта кетейік, жыл басынан бері өңірімізде 542 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 47 адам қаза тауып, 700-ден астам тұрғын жарақат алды.
Ұлан Ыдырыс