Тілшілер алдындағы есептік кездесу кезегі Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасовқа да келді. Жас атқамінер тізгінді мықтап қолға алған. Өзі жетекшілік ететін ауданда оң өзгерістер жетерлік, әр салада өсім бар көрінеді. Мәселен, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырманың бірі сәтті жүзеге асуда.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:
— Соңғы жылдары жерді тиімді пайдалануға көп көңіл бөлінді. Ауданда пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 6400 гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды, бұл жоспарланған көлемнің 128,6% астамын құрайды.
Мұндай жұмыс, мұндай нәтиже қуантады. Алайда, еңсені түсіретін жайттар да бар. Жақында Жамбыл ауданынан көңілге қаяу салар хабар жетті. Кезіндегі Аққұсақ қонысында Алаш қайраткерлеріне арнап салынып жатқан ескерткіш бұзылды. Бұл жайт қоғамда қызу талқыланды. Өзекті мәселенің мән-жайын әкімнен сұрадық.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:
— Бұл ескерткіш жекеменшік қаражатқа салынып жатты. Қаржыны кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаев бөлді. Ескерткіштің құжаттары дұрыс рәсімделмеген. Ескерттік, алайда құрылыс жалғаса берді. Арнайы комиссия тексерді, кемшіліктер тапты, ескерткіштің адамдардың өміріне қауіп төндіретіні де анықталды. Осыған байланысты Нағашыбай Барлыбаев ескерткішті бұзу жұмыстарына кірісті.
Атақты Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш тұрғызылады. Азамат Бектасов ең алдымен құжаттарды реттеу қажеттігін айтты, кейін құрылыс қайтадан жалғасын таппақ.
Байболат Құлтанов