Спорт

Теріскейлік жас боксшылар республикалық додадан алты медальмен оралды

Жуырда Қарағанды қаласында жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир өтті. Дүбірлі дода Қазақстанды әлемге танытқан былғары қолғап шебері Геннадий Головкиннің алғашқы бапкері Виктор Дмитриевті еске алу мақсатында өткізілді. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген “Сен тұр, мен атайын” дейтін 200-ден астам спортшы қатысты. Олар бес күн бойы шаршы алаңда кім мықтыны анықтады.

ДЕНИС ЯЗЫКОВ, А.Винокуров атындағы спорт сарайындағы бокс үйірмесінің жаттықтырушысы:

— Жарыстан 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль еншіледік. Төккен тер ақталды. Шәкірттерімді мақтан тұтамын. Бұл олардың спорттық додалардағы алғашқы қадамы ғана. Алда бағындырар белестер көп. Үнемі үздіктер қатарынан көрінетініне сенімдімін. Мына жасөспірімдерден Жанат Жақиянов сияқты әлемге танымал спортшы тәрбиелеп шығарғым келеді.

Дүбірлі додада Жеңіс Қуғабаев ең ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, топ жарды. Жігерлі жас жеңіс жолында 3 боксшыны жолдан тайдырды. Ол үшін ең қиыны ақтық кездесу болды. Бірінші раундта қарсыласына есе жібергенімен, қалған кезеңдерде дөп соққылар мен әдемі комбинациялар қолданудың нәтижесінде жеңіске жетті.

ЖЕҢІС ҚУҒАБАЕВ, турнир жеңімпазы:

— Ең алғашқы қарсыласым астаналық боксшы болды. Ол айтарлықтай қарсылық көрсетпеді. Жартылай финалда маған қарағандылық спортшы қарсы тұрды. Одан 3 раундта да басым түстім. Турнирден зор тәжірибе жинақтадым. Алда өтетін байрақты бәсекелерде жеңісті жолымды жалғастырамын деп ойлаймын.

Жас спортшылар толағай табысқа жетті. Осыған қарап өңірімізде бокстың қарқынды дамып келе жатқанын аңғаруға болады.

 

Жангельді Жамалиев