Журналистер алдындағы есептік кездесу кезегі Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжановқа келді. Атқамінер тоғыз жолдың торабында тұрған ауқатты ауданды басқарып отыр. Негізгі салаларда көрсеткіш жоғары. Оны салықтық түсімдерге зер салу арқылы аңғаруға болады.
БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:
— Жылдың 10 айында жоспарланған 6 млрд теңгенің орнына салық түсімдері ретінде 6,5 млрд теңге түсті. Бұл көрсеткіштер даму тұрақтылығын айғақтайды. Жергілікті бюджетке түсетін кірістер халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды іске асыруда маңызды рөл атқарады.
Тайынша – аграрлы және индустриалды аудан. Мұндағы Ильичевка ауылының маңында облыс әкімінің бастамасы, Үкіметтің қаулысымен “Қызылжар” арнайы экономикалық аумағының №6 аумағы құрылды. Көлемі 200 гектарды алатын төңірекке инвестиция тарту көзделген. Қазір бұл жерге қытайлық қалталы азаматтар қызығушылық танытуда. Сонымен қатар, Тайыншада жеке кәсіп бастауды қалайтын жандарға да қолдау мығым.
БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:
— 25,1 млн теңге сомасына 16 грант беру жоспарланған. Бүгінгі таңда тайыншалықтар 23,5 млн теңге сомасына 15 грант алды. Мемлекет басшысы ауыл әкімдеріне арнаған сөзінде ауылдардағы білім беру, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау және инфрақұрылым мәселелеріне жүйелі көзқарас қалыптастыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Тайыншада Кантемировское деген ауыл бар. Аталған елді мекенге жету мұң екен. Бұл мәселеге журналистер тоқталып, Берік Әлжановтан пікір білдіруді сұрады.
БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:
— Кантемировское ауылына 2 жолмен баруға болады. Былтыр Тайынша-Кантемировское-Котовское бағытындағы жолды жөндедік. Бірақ, Шағалалы көлі арнасынан асып, жол біршама бұзылды.
Ал Виноградовка-Ясная Поляна-Кирово бағытындағы екінші жол қанағаттанарлық күйде екен. Берік Әлжанов осылай жауап қайырды. Жақында Тайынша қаласында елді елең еткізген жол-көлік оқиғасы орын алғаны мәлім. Жоғары жылдамдықпен жүрген жүргізуші біреудің қақпасын бұзып, аулада тұрған жылжымалы мүліктің үстіне құстай қонды. Бұл жайттан аудан әкімі хабардар. Ереже бұзған тұрғын ауруханаға жатқызылыпты, артынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Байболат Құлтанов