Бүгін солтүстікқазақстандықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Петропавлда заманауи мұз сарайы ашылды. Енді теріскейліктер зәулім кешенге келіп, шыныға алады. Сонымен қатар, спортшыларымыздың толағай табысқа жетуіне де септеседі. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, облыстық әкімдік тарапынан спорт саласына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Мемлекет басшысы әр облысқа спортқа ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Спорт – денсаулық кепілі, тәрбиенің қайнар көзі.
Салтанатты шараға бейінді министрлік өкілдері, спорт ардагерлері мен Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин қатысты. Барлығы ізгі тілектерін айтып болған соң ортаға мәнерлеп сырғанаумен айналысатын кішкентай бүлдіршіндер шығып, өз өнерлерін көрсетті. Ашылу салтанатынан кейін жергілікті “Құлагер” және ресейлік “Авангард” жасөспірімдер командалары арасында жолдастық кездесу өтті. Тұрғындар шаһарда жыл бойы қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік беретін нысанның ашылғанына дән риза. Олар енді балалары мен немерелерін осында әкеліп, спорт үйірмелеріне береміз дейді. Облыс әкімі мұз сарайында жасалған жағдаймен танысты. Әр бөлмеге бас сұғып, атқарылған жұмыс көңілінен шыққанын жеткізді. Заманауи нысан тек қысқы емес, жазғы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді.
ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
— Ғимараттың жалпы ауданы 6400 шаршы метрді құрайды. Мұз айдынының ұзындығы 56 метрді, ені 26 метрді құрайды. Бұл – әлемдік стандартарға сай өлшемдер.
Биыл облыста 40 спорт нысаны бой көтерген. Бұл игі дәстүр алдағы жылдары да жалғасын табады.
ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
— 2026 жылы Петропавлда жабық футбол стадионы бой көтереді. Сонымен қатар, ұзындығы 400 метрді құрайтын конькимен жүгіру кешенінің құрылысы басталады.
Қазіргі таңда облыста 225 мың адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Осы сияқты заманауи кешендер көптеп салынса, бұл көрсеткіш еселеп артатыны сөзсіз.
Нұрасыл Ахмет