Қоғам

Көптен күткен ауыз су

Есіл ауданындағы Бірлік ауылында көптен күткен оқиға орын алды. Елдімекенде ауыз сумен жабдықтау жүйесі ресми түрде іске қосылды. Таза тіршілік көзін тарататын нысан 1 жылдың ішінде салынды. Құрылысқа Бас прокуратураның мемлекетке қайтарылған активтері есебіненде қаржы бөлінген.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

— 15 шақырым су құбыры тартылды, оның 6 шақырымы ауылдың іші арқылы өтеді, іске 618 млн теңге жұмсалды.

Балдай ауыз судың қосылғанына жергілікті тұрғын Салтанат Тұрғынова дән риза. Бұған дейін Бірлік халқының басым бөлігі ортақ құдықтан су ішіп келіпті, ал кейбірі қаладан тасыған екен. Енді бұл машақат артта қалды.

САЛТАНАТ ТҰРҒЫНОВА, Бірлік ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

— Суды біраз жыл күттік. Енді жылы суымыз бар, суық суымыз бар. Қуаныштымыз.

Берекесі артқан Бірлік ауылында қазір 150-ге жуық адам тұрады. Олардың барлығы тіршілік көзін үйге кіргізген. Ілкімді іс Петровка ауылдық округінде атқарылды. Биыл мұнда біршама шаруа тындырылыпты.

ОРАЛБЕК ҚОНҚАБАЕВ, Петровка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

— Округ бойынша бірталай жұмыс жүргізілді. Жақында ғана мұз айдыны ашылды, балалар алаңы салынды, фельдшерлік-акушерлік пунк іске қосылды

Есіл ауданындағы Петровка ауылдық округіне 3 ауыл кіреді. Бүгінде елдімекендердің барлығындағы үйлерге таза су кіргізілген.

 

Ұлан Ыдырыс