Қоғам

Еңбек өтілі 90 жылдан асатын Зуевтар жанұясы

Тимирязев ауданындағы Зуевтар жанұясы “Москворецкое” серіктестігінің тарихында қалмақ. Бұл әулеттің үш буыны өмірлерін жергілікті агроқұрылымға арнады. Ата, бала және немеренің жалпы еңбек өтілі 90 жылдан асады. Бірі кезінде механизатор болса, екеуі КамАЗ тізгіндейді.

ВАЛЕРИЙ ЗУЕВ, “Москворецкое” ЖШС жүргізушісі, Тимирязев ауданы:

— Жүргізуші мамандығын Петропавл қаласында меңгердім. Бізді оқу орнына әскерге шақыру пунктінен жіберді. Ол кезде қара жұмыстан қашу деген жоқ. Жастар бірден іске кірісетін. Өзім әртүрлі бағытта тер төктім. Соңында жүргізушілікті таңдадым.

“Жүргізушілік көпшілік ойлағандай оңай жұмыс емес”, – дейді Валерий Зуев. Таң атқаннан күн батқанша темір тұлпар тізгіндейсің. Қауырт кезеңде түнде де жүреді.

ВАЛЕРИЙ ЗУЕВ, “Москворецкое” ЖШС жүргізушісі, Тимирязев ауданы:

— Егіс науқаны кезінде жұмыс қызады. Алқаптарға тұқым тасымалдаймыз, ал күзге таман астықты алқаптан жеткіземіз. Тыным таппайтын кез. Биыл жаңа өнімді тамыз айынан бастап элеваторларға тасыдық. Ісіміз әлі жалғасып жатыр. Қыста техниканы көктемге дайындаймыз.

Евгений Зуевтың Михаил есімді ұлы бар. Ол әке жолын қууды жөн көрген. Бала кезден техниканың маңында өскен азамат ауылда қалып, серіктестікте еңбек етуді жөн көріпті.

МИХАИЛ ЗУЕВ, «Москворецкое» ЖШС жүргізушісі, Тимирязев ауданы:

— Әкем менің кішкентай күнімнен көлік жүргізеді. Жұмысын көріп, қиыншылығын естіп өстім. Жаз айларында мені өзімен жиі алып жүретін. Ер жеткенде мамандық таңдау керек болды. Мен ойланбастан жүргізушілікті таңдадым. Ешқашан өкінген емеспін. Қазір атам тер төккен өзіміздің серіктестікте еңбек етудемін. Осымен мақтана аламын.

Зуевтар жанұясының өкілдері елдің игілігі, серіктестіктің абыройы үшін еңбек етуді жалғастырмақ. Бұл әулет – көпшілікке үлгі боларлықтай отбасы.

 

Ақтолқын Солтанханқызы