Қоғам

Тимирязев ауданының тұрғындары жолдың жағдайына наразы

Тимирязев ауданында да жолдың күйі сын көтермейді. Жергілікті халық республикалық маңызы бар тасжолдың жағдайына наразы. Оның толық жөндеу көрмегеніне біраз болған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ой-шұңқырлы жермен көлік түгілі адам өтуге қиналады.

САЙЛАУ ЖОЛДАЯҚОВ, Тимирязев ауданының құрметті азаматы:

Жол бізге мүлдем ұнамайды. Үлкен көліктер жолды бұзған. Бұл жол ескі кеңес үкіметі кезінде салынған. Тас жолдың тек үстінен жөндеу өтеді, бірақ түбі жөнделмеген соң оны жөндедің не, жөндемедің не – мағынасы жоқ.

Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка мен Тимирязевті жалғайтын республикалық тасжол арқылы күніне жүздеген көлік өтеді. 26 жыл бойы ауыл әкімі болып қызмет атқарған Сайран Байдалинаның айтуынша, бұл жолдың 15 шақырымын жүріп өту үшін 30 минут уақыт керек. Оның өзінде бұған кейбір көлік шыдамай жол ортасында қирап жатады, салдары жүргізушілердің қалтасын қағуда.

САЙРАН БАЙДАЛИНА, Тимирязев ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы:

— Бұл – аудандағы ең басты мәселелердің бірі. Жолдың жағдайы халықтың наразылығын тудырып отыр. Биыл тым болмаса шұңқырларды жауып дұрыстаса болар еді, бірақ ол да жоқ. Мен өзім көлік айдаймын, шыны керек, мына жолдың кесірінен оның 1-2 жылда тоз-тозы шықты.

Бұл жолдың зардабын жедел жәрдем жүргізушілері де көруде.

ГЕОРГИЙ РЕЗНИЧЕНКО, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

— Бізде жақында ғана жол-көлік оқиғасы орын алды. Сергеевкаға дейін бір жарым сағат жоғалттық. Әйтеуір, зардап шеккен адамды ауруханаға жеткіздік. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша науқасты ертерек әкелгенде оның жағдайы едәуір жақсы болатын еді.

Жергілікті әкімдікте бұл мәселемен таныс. Аудан әкімінің орынбасары Қанат Иманжановтың айтуынша, басты мәселе – оның республикалық баланста болуы. Сол себепті, жөндеу жұмыстарына қаржы республикалық бюджеттен бағытталуы тиіс.

ҚАНАТ ИМАНЖАНОВ, Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары:

— Осы мәселе бойынша бізге көптеген шағымдар түсіп жатыр. Екі аудан орталығының арасында көлік көп жүреді. Біз тиісті органға ресми өтініш тастадық, жөндеу жұмысы келесі жылы қолға алынуы тиіс.

Осы орайда “ҚазАвтоЖол” кәсіпорнының жергілікті өкілдері жөндеу жұмысы келесі жылы жүргізіледі деп сендірді. Жоспар бойынша 45 шақырымдық аралық суық ресайклинг технологиясымен салынатын болады.

 

Ұлан Ыдырыс