Жуырда Астана қаласында “Мен чемпионмын” республикалық дене шынықтыру-спорттық ойындары өтті. Бәсі биік додада өңір намысын Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушылары қорғады. Ұл-қыздар абыроймен өнер көрсетіп, үшінші орынға ие болды.
Бүгін өңір мерейін асырған ұл-қыздарды ұстаздары мен артынан еріп келе жатқан ізбасарлары сән-салтанатпен күтіп алды. Оқушылар жарысқа ұзақ уақыт дайындалған. Республикалық додаға қатысу үшін қалалық және облыстық бәсекелерде топ жарыпты. Айта кету керек, “Мен чемпионмын” спорттық ойыны 4 кезең бойынша өткізілген.
ӘСЕТ ДЕМЕСІНОВ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі:
— Жарыс жоғары деңгейде өтті. Шытырманға толы түрлі тапсырмаларды орындадық. Сайысқа алғаш рет қатыссақ та жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын.
Республикалық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 10-нан астам команда қатысқан. Бас жүлдені Қарағанды облысынан келген өрендер еншіледі. Теріскейлік спортшыларға жеңіске жету үшін сынық сүйем ғана жетпей қалған.
ДИАС БАЗЫЛ, команда капитаны:
— Жарысқа бір жарым ай бойы дайындалдық. Өз жемісін берді. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Ендігі жылы чемпион атануға тырысамыз.
Алдағы уақытта мына ұл-қыздардың арасынан әлемдік додаларда өңір атын шығаратын спортшылар шығатыны сөзсіз.
Нұрасыл Ахмет