Становое ауылдық округіне қарасты қос елді мекен – Афонькино мен Орел ауылдарында соңғы кездері оң өзгерістер байқалуда. Бірінші аталған елді мекенде 600-ге жуық азамат тұрса, екіншісінде небәрі 18 адам ғана бар. Қос ауылдағы өзекті деген мәселелер назардан тыс қалып жатқан жоқ.
ТАЛҒАТ ІЛИЯСОВ, Становое ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:
— Осы жылы Орел ауылында таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін модульдік блок орнаттық. Ал Афонькино ауылында таза су резервуары салынып жатыр.
Бес ай бұрын сайланған ауылдық округ әкімі Талғат Ілиясов Мамлютка қаласында өткен аудандық актив жиынына қатысты. Басқосуда Мемлекет басшысының ауыл әкімдерімен өткізген форумы жайлы талқыланды. Ауылдарды дамыту жолдары сөз болды. Жиынға жастарға ақыл-кеңес беріп, рухани бағдар көрсетіп жүрген қариялар да қатысты. Елді мекендерді дамыту үшін жастар түрлі жобаларды жиі қолға алса екен деген пікірлерін білдірді.
ТӨЛЕГЕН ОМАРОВ, Мамлют ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Әкімдерге көмектесу қажет. Жас болғандықтан, көп нәрсені біле қоймайды. Сондықтан, оларға білім беру керек.
Жаңа басшы қызметіне кіріскелі округтің басты проблемаларының бірі – ауызсу мәселесі шешімін тапты. Афонькино мен Орел ауылдарында су жүйесі ретке келтіріліп, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсара түсті. Жергілікті халық әкімнің нақты қадамдарын оң бағалап отыр.
ВАЛЕНТИНА ЯФАРОВА, Афонькино ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
— Мен өмір бойы осы ауылда тұрып келемін. Жасым 70-тен асты. Осы уақыт аралығында бірнеше әкім ауысты. Әрқайсысының жұмысын әртүрлі бағалауға болады. Қазіргі басшының жұмысына жақсы деген баға берер едім. Әрине, оның қызметте жүргеніне аз ғана уақыт болды. Соған қарамастан ауыз толтырып айтарлықтай іс атқарды. Өзі белсенді, тұрғындар не сұрап барса да көмектесуге дайын.
Ауылдық округ басшылығының алға қойған жоспары ауқымды. Таяу арада мұнда көшелерді жарықтандыру мәселесі шешімін табады.
Мәдина Қаби