Мәдениет

Сәбең театрына 25 жыл толды

Солтүстік Қазақстанның мәдени өмірінде айрықша оқиға орын алды. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының құрылғанына 25 жыл толды. Ширек ғасыр – алғашқы қадам жасалған, түрлі қиындық еңсерілген, талай туынды сахналанған, көпшілік қошеметіне бөленген кезең. Бүгінде қара шаңырақ – қазыналы орда, таланттардың басы тоғысқан киелі жер. Театрдың шығармашылық жолындағы бұл жетістік облыс басшылығы тарапынан да қолдаусыз қалмады. Ұжым мүшелеріне облыс әкімінің атынан “Мәдениет саласының үздігі” медалін орынбасары Нұрлан Кеңесов салтанатты түрде табыс етті. Рашида Ибраева театрда ұзақ жыл бойы еңбек етіп келеді. Ол бұл марапатты ұжым еңбегіне берілген зор баға деп санайды.

РАШИДА ИБРАЕВА, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қызметкері:

— Біз үшін өте қуанышты күн. Қазақ сазды-драма театрымызға 25 жыл толды. Осы мерейтойымыз құтты болсын. Үлкен дәрежелерге жетейік, театрымызға тек жақсылық, көрерменіміз көп болсын деп тілеймін.

Театрдың алғашқы шымылдығы 2000 жылы “Аққан жұлдыз” қойылымымен ашылды. Сәбеңнің шығармасымен сусындаған көрермен бүгінде түрлі қойылымды тамашалап, рухани азықты бойға сіңіріп жүр. Мерейтойға орай театр қабырғасында айтулы кеш ұйымдастырылды. Тарих баяндалатын видео ұсынылды, көпшілік өткенге сапар жасады. Бұл шараға кезінде өнер ордасында қызмет етіп, үлкен өмірге қанат қаққан мәдениет үздіктері арнайы келген. Олар Сәбең театрын қасиетті қараң шаңырақ санайды.

НҰРЖАН САДЫБЕКОВ, актер:

— Студент болдық, бітіруші курстамыз. Басында Погодин театрында болдық, сосын бұрынғы “Дворец энергетиков” деген ғимаратты берді. Сол жерден қадам жасадық. Ал қазір мынандай үлкен ғимарат салыныпты, өте риза болып отырмын.

МӘНШҮК АЙТМҰХАНБЕТОВА, театр және кино актері:

— Бұл театр ыстық. Осында балапан болып келіп, қанатымыз қатайып, ұшқан үйіміз деп білеміз. Мәңгілік шамдарыңыз сөнбесін”!

БОЛАТ МАМЫТБЕК, театр және кино актері:

— Мерекелі той құтты, қайырлы болсын. Абырой асқақ, мәртебе биік болсын. Қызылжар халқы мен үшін ерекше ыстық. Бұл театрды ерекше құрметтеймін.

25 жыл көзді ашып-жұмғанша өтті. Жаңа толқын келді, жаңа бағыт қолға алынды. Қазіргі труппа 35 адамнан тұрады, биыл қатарға 7 актер қосылған. Олар биік белестерді бағындыруды қалайды. Мерейлі шараға жиналған қауым ізбасарларының бастамасымен келесі мерейтойда бас қосуды мақсат етті.

 

Жангельді Жамалиев