Қоғам

Рүстем Елубаев: “Дәуіт-Талшық” автожолындағы күрделі жөндеу жұмыстары 2027 жылы аяқталады

Қоғамның қызу талқысына түскен “Дәуіт-Талшық” автожолы биылдан бастап күрделі жөндеу көруде. Маңызды іске 11 млрд теңге қаржы бағытталған. Барлық жұмыс 2027 жылы аяқталуы тиіс. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаев хабарлады. Тәжірибелі атқамінер бірнеше беттік баяндамасын тек қазақ тілінде дайындап әкелген. Басшының сөзінше, өзі басқарып отырған аймақ дамудың даңғыл жолына түскен. Оны инвестиция тарту жұмыстарынан байқауға болады.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:

— Биыл ауданға 15,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш ұлғайатын болады.

Ағымдағы жылы ауданда пайдаланылмай жатқан 7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Тұрғындарының 87 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылды. 2600 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. “Таза Қазақстан” акциясы аясында жүздеген сенбілік өткізіліп, 2 мыңнан астам көшет отырғызылған. Рүстем Мұқашұлының сөзінше, Ақжар ауданында жеке кәсіпкерлерге де ерекше көңіл бөлінген.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:

— 2025 жылы ауданда 5 жеке кәсіпкерлік ашылды. “Ауыл аманаты” ұлттық жобасы аясында тұрғындарға тауарлық несие ретінде 1150 бас қаз берілді.

Бірнеше беттік баяндамадан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Осыдан екі апта бұрын Ақжар ауданындағы элеваторлардың бірінде 34 жастағы әйел қаза тапты. Нәзікжандының артынан 4 баласы қалған.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:

— Қызметкер астықты тексеремін деп элеватордың төртінші қабатынан құлаған. Әріптестері марқұмды астықтың ішінен 15 минуттың ішінде әрең дегенде шығарған. Бірақ, аман алып қалу мүмкін болмады.

Рүстем Мұқашұлының сөзінше, марқұмның балаларына серіктестік тарапынан тиісті көмек көрсетіледі. Мына бейнежазбаны ақжарлық белсенді түсірген. Бұл – Талшық пен Казанское ауылдарын жалғайтын автожол. Асфальттің жағдайын қарасаң көз шошиды. Көлік түгілі адам аяқ алып жүре алмайды. Егер тұрғындардың бірі аяқ астынан ауырып қалса не болады? Рүстем Елубаев өзекті мәселе өз шешімін табатынын жеткізді.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:

— Мен бұл мәселені бүгіннен бастап қолға аламын. Автожолға қиыршақ тас төсейміз. Бұл асфальтқа күрделі жөндеу жұмыстары керек. Бюджеттен ақша сұрайтын боламыз.

Ағымдағы жылы ауданда 865 адам жұмыспен қамтылған. Бұл жылдық жоспардың 87 пайызын құрайды.

 

Нұрасыл Ахмет