Мәдениет

Биден өткен ел чемпионатында 51 жүлде қоржынға түсті

“S’avancer” би мектебінің бишілері Солтүстік Қазақстан облысының намысын тағы да абыроймен қорғады. Олар Алматыда өткен ел чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, 51 жүлдені қоржынға салды. Үздіктер сайысында Тимур Магафуров пен Полина Долгушина жұбы ерекше көзге түсті. Бишілердің жасында әжептәуір айырмашылық бар. Дегенмен, ұзақ жаттығулардың арқасында орнаған түсіністік алға жетеледі, нәтиже берді.

ПОЛИНА ДОЛГУШИНА, “S’avancer” би мектебінің бишісі:

—Бал биі бойынша өткен байқауда түрлі би ұсынылды. Біз аянып қалмадық. Жеңіс тұғырының бірінші және үшінші сатысынан көріндік. Үздік өнеріміз үшін кубок та бұйырды. Алматыдан қуанышты күйде қайттық.

ТИМУР МАГАФУРОВ, “S’avancer” би мектебінің жаттықтырушысы және бишісі:

— Біз бұл жарысқа қыркүйек айынан бастап тыңғылықты дайындалдық. Әзірлік жұмыстарына сырттан мамандар келді. Мысалы, Мәскеуден майталман мамандар келіп, ақыл-кеңес берді. Демалыссыз жаттықтық, аянбай тер төктік. Соның арқасында жеңіске жеттік деп ойлаймын.

Жалпы, айтулы шарада 25 солтүстікқазақстандық өнер көрсеткен. Олар 90-ға тарта би ұсыныпты.

ЮЛИЯ ШИРИНА, “S’avancer” би мектебінің жетекшісі:

— 9 жасқа дейінді шәкірттерім тамаша биледі. Олар түрлі жүлдені қос-қостап иеленді. Бұл біздің қаламыз үшін жарқын жетістік деп білемін. Әр жеңіс еңбектің арқасында ғана келеді. Біз жаттығу залында өмір сүрдік десем болады. Жаттықтырушылар мен балалар артқан сенімді ақтады.

Қазір бишілеріміз Қарағанды қаласында өтетін турнирге әзірленіп жатыр. Жалпы, бүгінде айтулы би мектебінде 150-ден астам адам жаттығады.

 

Байболат Құлтанов