Бұл бастама негізінен нәзікжандыларға арналған. Мақсат – қыздардың өзіне деген сенімділігін арттыру. Жобаның негізін қалаушы – Валентина Реутова. Нәзікжанды – “Ассамблея жастары” республикалық қоғамдық бірлестігінің белсендісі.
ВАЛЕНТИНА РЕУТОВА, “Balance” жобасын ұйымдастырушы:
— Жобаны жүзеге асыру барысында біраз қиындық туындады. Алдымен тегін тренинг өткізетін жандарды іздеп жүріп қалдық. Кейін оны өткізетін орын қажет болды. Дайындық қамы бір ай уақыт алды.
Бұл жоба бір айға созылады. Аптасына бір күн қатысушы қыздардың арасында ойындар ұйымдастырылады. Мәселен, бүгін бұрымдылар бір-бірімен танысты. Келесі аптада трансформациялық ойын өтеді. Одан кейінгі кездесуде би билейді. Тренинг өткізетін коуч – Дарья Иванова.
ДАРЬЯ ИВАНОВА, коуч:
— Бүгін мен қыздармен эмоционалды интеллект тақырыбында әңгімелесемін. Адам бойында жағымды да, жағымсыз да эмоция болады. Оны көрсете білу керек. Егер де адам ашуын көрсете алмаса немесе өкпесін дұрыс жеткізе алмаса, ол іште жиналып, кейін жегідей жейді. Сол себепті, бұл жайлы ашық сөйлесу керек.
Жоба аясындағы алғашқы жиынға қатысушылардың бірі – Регина Ткачук. Бойжеткен жергілікті университеттің 2-ші курсында оқиды. Осы сынды жобаға бірінші рет қатысып отыр. Мақсаты – өзіне деген сенімділігін арттыру, жаңа орта табу.
РЕГИНА ТКАЧУК, жобаға қатысушы:
— Жоба жайлы әлеуметтік желіден білдім. Қатысу турасында көп ойланған жоқпын. Келдім, өз көзіммен көрдім. Жоба аясында көзделген қадамдар өзімді тануға, өмірімді басқа арнаға ауыстыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Жалпы, қыздарға арналған “Balance” жобасы тегін өтеді. Оған 18-23 жас аралығындағы кез келген ару қатыса алады.
Ақтолқын Солтанханқызы