Бұл – Тайынша ауданындағы сорғы станциясы. Нысан бір ай бұрын қолданысқа берілді. Мына тұрған қондырғы 13 елді мекенді, дәлірек айтсақ, 20 мыңға жуық тұрғынды орталықтандырылған сумен қамтып отыр. Күніне тұрғындарға 2 мың 260 текше метр тіршілік көзін жеткізуге мүмкіндігі бар. Айта кету керек, жоба құны 13 млрд теңгені құрайды. Аудан үшін маңызды нысанның құрылысымен астаналық серіктестік айналысқан.
БОЛАТ НАЗЫМБЕК, «Аркади» ЖШС инженері, Астана қаласы:
— Жоспар бойынша нысан 2026 жылдың соңында қолданысқа берілуі керек болатын. Бірақ, біз барлық жұмысты 7 айдың ішінде аяқтадық. Сорғы станциясы Булаев топтық су құбырына қосылған.
Жасдәурен Баймұқановтың Большой Изюм ауылында тұрып жатқанына 20 жылдан асқан. Ол бұған дейін тіршілік көзі үшін орталықтағы құдыққа барып жүрген. Тіпті, немерелері келген кезде ол суды ішпепті. Тұзды деп шағымданған. Сол үшін таза ауыз суды дүкеннен алуға мәжбүр болыпты. Азамат аталған мәселенің шешілгеніне дән риза.
ЖАСДӘУРЕН БАЙМҰҚАНОВ, Большой Изюм ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:
— Шынымды айтсам, қуанышымда шек жоқ. Үйге су кіргесін бірден жуыну бөлмесі мен дәретхана істедім.
Айта кету керек, қараша айының басында аймақта 88 ауылды орталықтандырылған тіршілік нәрімен қамтитын 4 сорғы станциясы іске қосылды. Жобаны жүзеге асыру үшін 400 шақырымнан астам су құбыры тартылып, 2800 құдық орнатылған.
Нұрасыл Ахмет