Мәдениет

Жас педагогтер арасында облыстық байқау өтті

“Дебют” – жас педагогтер байқауы. Бүгін өңірде мұғалімдер арасындағы сайыстың облыстық кезеңі өтті. Алғашқы турға өңіріміздің түкпір-түкпірінен 600-ден астам маман қатысқан.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

— Ең басында бұл сайысқа 650-ден астам жас маманымыз қатысты. Негізгі мақсат – жас мамандардың шығармашылықтарын дамыту. Олардың кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру. Практикалық тәжірибе алмасу үшін ұйымдастырылып отыр.

Алғашқы кезеңде эссе жазған мамандар арасынан 15 жас педагог облыстық турға жолдама алған. Бүгін олардың әрқайсысына 10 минут уақыт беріледі. Осы аралықта ұстаздар жұмыстары жайлы жасалған презентацияны қорғаулары тиіс. Сайысқа қатысып отырғандардың бірі – Мадияр Мәдениетов. Жас маман – Алматы облысының тумасы. Азаматтың теріскей өңірінде еңбек етіп жүргеніне бір жыл болыпты.

МАДИЯР МӘДЕНИЕТОВ, Ақтас негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Есіл ауданы:

Менің бұл мамандықты таңдауыма себепші болған жан – өзімнің ұстазым. Мен бала кезімде ол кісінің сабақ үйрету тәсіліне тәнті болдым.

Сайыс соңында үздік нәтиже көрсеткен педагогтер 7 номинация бойынша марапат алып, түрлі сыйлыққа ие болмақ. Одан бөлек, республикалық “Үздік педагог-2025” байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарының есімдері жарияланды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы