СҚО әкімдігі

Серік Мұхамедиев: Желтоқсан айынан бастап Заречный кентінің тұрғындары көшіріле бастайды

Желтоқсан айынан бастап Заречный кентінің тұрғындары “Қопай” шағын ауданына көшіріле бастайды. Бұл – тұрғындардың су тасқынынан зардап шекпесі үшін қолданылған шара. Қазіргі таңда соңғы аталған ауданда 533 баспанаға шақталған көппәтерлі үй салынып жатыр. Аумақ толығымен абаттандырылып, балаларға да тиісті жағдай жасалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қала әкімі Серік Мұхамедиев хабарлады. Шаһар басшысы брифинг барысында облыс орталығының даму қарқынына тоқталды.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

—Биыл Петропавлға 158 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. 5 ірі кәсіпорын ашылды. Нәтижесінде мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін жалпы аумағы 209 мың шаршы метрді құрайтын көппәтерлі баспаналар қолданысқа беріледі. Кей үйлерді “Отбасы банк” арқылы әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға береміз.

Облыс орталығында білім беру саласына де ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Петропавлда Президенттің тапсырмасы бойынша заманауи мектеп қолданысқа берілді. Сонымен қатар, желтоқсан айының соңында 280 орындық балабақша ашылады. Ағымдағы жылы облыс орталығында 16 көше жөндеу көрген. Келесі жылы да бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылмақ. Серік Мұхамедиевтің сөзінше, биыл шаһар жолдарын күтіп ұстауға 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— 2026 жылы Петропавлда 26 көшенің жолы орташа жөндеу көреді. Жобалардың құжаттамасы дайын. Жақын арада маңызды іспен қай серіктестіктің айналысатыны анықталады. Жауапты шаруаны тек сенімді кәсіпорындарға тапсырамыз.

Бірнеше беттік баяндамадан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Петропавлдағы қоқыс полигоны толудың аз-ақ алдында тұр. Ендігі жылы шара қолданылмаса мәселе күрделене түсетін сыңайлы. Серік Мақсұтұлының сөзінше, алдағы уақытта бұл түйткіл өз шешімін табады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Алдағы уақытта Петропавл төңірегінде 10 қоқыс полигонын салуды жоспарлап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттамасы толығымен дайын. Құрылыс жұмыстары келесі жылы бастау алады. Әзірге қазіргі полигонның аумағын ұлғайтатын боламыз.

Тағы бір айта кететін жайт, биылдан бастап қаланы қардан тазартуда жасанды интеллект жүйесі қолданылады. Бағдарлама толықтай әзірленген. Камералар орнатылды. Сол арқылы техниканың қай жерде жұмыс істеп жатқанын, қардың қалай және қандай көлемде шығарылғанын бақылауға болады.

 

Нұрасыл Ахмет