Айтулы датаға орай Петропавлда өнер ордасының негізін қалаушылар, сала ардагерлері мен қазіргі ұжым мүшелері жиылды. Алдымен көпшілік заңғар жазушы Сәбеңнің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, ұлы қаламгерге тағзым етіп, құрмет көрсетті. Қазіргі “Qyzyljar” креатив орталығы – бұрынғы театр ғимараты. Осы жерден талай қойылым көрерменге жол тартты. Мұнда Сәбит Мұқановтың мемориалдық тақтасына гүл шоқтары қойылып, ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Шараға өнер ордасының алғашқы режиссері Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек арнайы шақырылған. Алғашқы актерлер де осында. Барлығының мәдениет саласына еңбегі сіңген. Бүгінде көпшілігі шәкірттерімен мақтана алады.
БОЛАТ МАМЫТБЕК, ҚР мәдениет қайраткері, театр және кино актері:
— Театрдың шымылдығын ашқан қойылым – “Аққан жұлдыз”. Халық деген шөлдеп қалған. Халықтың алғашқы қойылымды көргендегі ықыласы ерекше болды. Көзіне жас алған үлкен кісілер болды. Өздерінің ақ баталарын берді.
Сол сәттен ширек ғасыр өте шықты. Осы аралықта С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрынан талай жас түлеп шықты. Өңірдің рухани өміріне ауқымды үлес қосылды. Труппа халықаралық деңгейдегі байқаулардан жүлделі орындар иеленіп, өнер ордасының абыройын асқақтатты.
ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
— 2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы арнайы Президентіміз келіп, Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында тетардың тұсауын кескен болатын. Содан бері театр ұжымы 100-ден астам қойылым қойған. Театрымыздың айтарлықтай жетісіктері көп.
Мерейтой кең көлемде атап өтіледі. Бүгін кешкі сағат 19:00-де С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Сахнамен сырласқан 25 жыл” атты кеш өтпек.
Ақтолқын Солтанханқызы