БалаларБілім

Петропавлда “Жастар. Техника. Болашақ” атты шығармашылық көрме қанат жайды

Петропавлдағы №28 орта мектепте облыстық техникалық бағыттағы шығармашылық көрме өтті. “Жастар. Техника. Болашақ” деп аталатын шара жасөспірімдердің техникалық ой-өрісін дамытуға және инженерлік идеяларды насихаттауға бағытталған. Өңір мектептері мен колледждерінен келген оқушылар мен студенттер 33 жоба ұсынды. Жас өнертапқыштар күнделікті өмірде туындайтын мәселелерге қатысты өз шешімдерін ұсынып, қолмен құрастырған құрылғыларын көпшілікке таныстырды.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

— Көрменің мақсаты – оқушылардың ғылыми-техникалық қабілеттерін дамыту, техникалық және технологиялық дағдыларын қалыптастыру, сонымен қатар, жас өнертапқыштар мен конструкторлардың шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау.

Айыртау ауданынан келген Ольга Петрова көрмеге алдын ала бірнеше апта дайындалған. Ол күн панельдері, жел генераторы және шағын су электр станциясы арқылы жұмыс істейтін санаторийдің макетін әзірлепті. Жоба табиғи энергия көздерін тиімді пайдалану және қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатына негізделген.

ОЛЬГА ПЕТРОВА, жас өнертапқыш, Айыртау ауданы:

— Бұл – күн панелі. Ол күннің бағытына қарай бұрыла алады. Сол себепті, бір орында тұрған қарапайым панельдерге қарағанда әлдеқайда көп энергия өндіреді. Ал қозғалыссыз панельдер тек күн бір нүктеде тұрған кезде ғана қуат жинайды. Жобам 9 қабатты шипажайды толық қамтиды. Егер энергия жеткілікті болса, санаторийге келетін демалушылардың саны да артады.

Көрме соңында қатысушылар мен жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

 

Жангельді Жамалиев