Петропавлдағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің қабырғасында ерекше зияткерлік сайыс – “Брейн-ринг” өтті. “Адал бол! Қылмысты тоқтат!” акциясы аясында ұйымдастырылған шараға өңіріміздің 6 орта білім беру ұйымының студенттері қатысып, тапқырлық пен ізденістің үлгісін көрсетті.
ӘСЕЛ ДЖАМБАЕВА, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің оқытушысы:
— Бүгінгі шараның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырып, студенттер мен мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін арттыру. Яғни, жастарға адалдық пен әділдік құндылықтарын насихаттау. Сайысты тамашалауға оқушыларды арнайы шақырдық. Олар аға-әпкелерінің айтқанын естіп, ой түйеді деген сенімдеміз.
Топтарға бөлінген студенттер өмірлік жағдайларды мысалға келтірді. Бүгінде тепсе темір үзер жігіттер әскерге барғысы келмейді. Сол үшін ақша ұсынып, мәселені шешкісі келеді. Студенттердің тапқырлығы бірден байқалады. Бұдан бөлек, жастар сауалдарға да жауап берді. Ұйымдастырушылар сыбайлас жемқорлыққа қатысты сұрақтар әзірлепті. Дұрыс әрі жылдам жауапқа ұпай берілді.
ЖАНСЕЛЬ ӘУБӘКІРОВА, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:
— Бүгінгі іс-шара бізге пікір алмасуға, білімімізді тексеруге және ортақ мәселені бірге талқылауға жақсы мүмкіндік сыйлады. Еліміздің болашағы бізге байланысты екенін жақсы түсінеміз.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан командалар 1, 2 және 3 дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Жангельді Жамалиев