Құқық қорғау органдары

СҚО-да 18 адамның көлік жүргізу құқығы шектелді

Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» атты жедел-профилактикалық іс-шара мәресіне жетті. Алты күндік республикалық бастама барысында ереже бұзудың 1415 фактісі тіркелді. 18 бірдей мас жүргізуші ұсталды. Рейд кезінде тәртіп сақшылары «жасырын патрульдеу» әдісін, жол ережесін бұзуды тіркеуге арналған аппараттық-құрылымдық кешендерді, «Кибершериф» мобильді кешенін және ұшқышсыз ұшу құрылғыларын қолданған. Нәтижесінде көлікті басқару кезінде телефон қолданудың – 124, ал қауіпсіздік белдігін тақпаудың 234 жайты анықталған. Сондай-ақ, заңсыз қайта жабдықтау, техникалық байқаудың жоқтығы, қызыл шамды елемеу және апаттық жағдай тудыру бойынша хаттамалар толтырылыпты. Жалпы, биыл өңір аумағында 482 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 45 адам қаза тапса, 637 адам түрлі жарақат алған.