Шаштараз мамандығында оқитын студенттер шеберлік шыңдады. Ескендір Даутов атындағы Петропавл қаласы қызмет көрсету саласы колледжінде арнайы сабақ ұйымдастырылды. Мұндай шара жиі ұйымдастырылады. Оның барысында білікті мамандар жастарға шашты химиялық жолмен бұйралау әдісін жан-жақты көрсетті. Ортада өз тәжірибесімен бөлісіп жатқан сәнгер – Наталья Толуспаева-Нужина. Нәзікжанды бұл салада 30 жылға жуық еңбек етеді. Білікті маман түрлі елдерде білімін толықтырып, шаш қию мен бұйралаудың әдістерін меңгеріп жүреді екен.
НАТАЛЬЯ ТОЛУСПАЕВА-НУЖИНА, халықаралық дәрежедегі сәнгер:
— Шеберлік сабағында шашты химиялық бұйралаудың екі әдісін көрсетемін. Қазір ұлдар да, қыздар да осындай шаш үлгісін таңдайды. Сұранысқа ие үлгі. Студенттердің салаға деген қызығушылықтары зор. Әр айтқан сөзімді мұқият тыңдап, көрсеткенімді ұғып отырғандарына қуаныштымын.
Бүгінде колледж қабырғасында “Шаштараз өнері” мамандығы бойынша 75 ұл-қыз білім алады. Шеберлік сабағына қатысқан жастардың дені -2-ші курс студенттері.
АНАСТАСИЯ МОЛНАР, Е.Даутов атындағы Петропавл қаласы қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:
— 1-ші курста шашты қиюды, бояуды үйрендік. Оқу тек лекция түрінде емес, тәжірибелік тұрғыда да өткізіліп тұрады. Колледжде тиісті құрал-жабдықпен қамтылған арнайы студия бар. Ал 2-ші курста химиялық бұйралаумен танысып жатырмыз.
Жалпы, бүгінгі таңда колледжде 4 мамандық бойынша 400-ге жуық ұл-қыз білім алады. Ал келесі оқу жылында мамандықтар тізімі біреуге артады. Жаңа маусымда жастар “Басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету және мұрағаттау” мамандығы бойынша қабылданбақ.
Ақтолқын Солтанханқызы