БалаларТЖ

Құтқарушылар жастарға мұздағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Жылымық кезде өзен-көлдегі мұз да жұқа келеді. Мұндай сәтте көк айдынның сәні адамды сан соқтыруы мүмүкін. Балық аулауға немесе серуендеуге шыққан адам қауіпсіздік атаулыдан хабарсыз болса, мұз құрсауына түсті дей бер. Сондай кезде қалай құтылып шығу керек? Құтқарушылар жастарды жиып, мұздағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді әрі барлығын іс-әрекетпен көрсетті.

Адам қолында үнемі сызғыш ұстап жүрмесі анық, дегенмен де мұздың беріктігін көзбен шамалауға болады. Қазір өңірдегі өзен-көлдердегі мұздың қалыңдығы – небәрі 5-7 сантиметр, яғни аса қауіпті жағдай дегенді білдіреді. Мұз үстінде қауіпсіз қозғалу үшін судың қыстық жабыны кем дегенде 10-15 см болуы керек. Мұндай қалыңдық минус 15-20 градус аязда қалыптасады екен. Оның өзіне бірнеше күн қажет.

НҰРСҰЛТАН ТӨЛЕГЕН, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері:

— Егер адам мұзға түсіп кетсе, бірден мұздың шетінен ұсталынып, ақырындап шығу қажет. Мұздың үстіне шыққанда мүлдем тұруға болмайды.

ТЖД өкілдері суға түсіп кеткен адамды құтқару кезінде қолданылатын құрал-жабдықтарын да көрсетті. Су жағасына жиылған жастардың дені – құтқарушы мамандығына оқып жүрген студенттер. Екатерина Мельчёхина бұл кәсіпті жүрек қалауымен таңдаған. Айтуынша, мұндай шаралар болашақ құтқарушылардың маман ретінде қалыптасуына септеседі.

ЕКАТЕРИНА МЕЛЬЧЁХИНА, студент:

— Мен құтқарушы мамандығына оқимын. Қазір 2-ші курстамын. Негізі, бала кезімнен құтқарушы болуды армандадым. Мұндай шаралардың біз үшін пайдасы зор. Лекция түрінде түсіндірген бір бөлек, іс-жүзінде көрсеткен басқа. Солай тәжірибе жинақталады, машық қалыптасады.

Құтқарушылардың көпшілікке айтары бар: мұз үстіне шығатын жандардың көбі – балықшылар. Балық аулаға шықтыңыз ба, қолыңызда қармақтан басқа ысқырғыш, арқан, үстіңізде құтқару жилеті болуы керек.

 

Мәдина Қаби