Елдің ертеңіне алаңдамас үшін сенім артар жастар тәрбиеленуі тиіс. Сол үшін республика көлемінде Президенттің бастамасымен қолға алынған “Адал азамат” жобасы жүзеге асып жатыр. Аса маңызды іске Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы жанындағы Ақсақалдар кеңесі сүбелі үлес қосып келеді. Бүгін аға буын өкілдері жиналып, атқарылған жұмысты талқылады, болашаққа жоспар құрды. Ұрпақ сауатты, еңбекқор, әділ болу үшін не істеу керек? Бұл жүйелі жұмысты талап ететін шаруа.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
— Тәрбие отбасыдан басталады” деп біздің қазақ, жалпы халық айтады. Біз жас баланың мінез-құлқын отбасыда, мектеп қабырғасында қалыптастыруымыз керек. Адал азамат бір күнде қалыптаспайды. Күш салу керек.
Қазір жерде-жерде Аналар кеңесі де құрылған. Бастарына ақ орамал тағып, ақыл айтатын азаматшалар – тәрбиенің нағыз қайнар көзі. Олар қыздардың тәрбиесіне баса мән береді.
ЛӘЗЗАТ ҚЫДЫҚОВА, Аққайың аудандық Аналар кеңесінің төрайымы:
— Біз жастарымызды қоғамға белгілі адамдармен кездестіреміз, әділдік сабақтары сынды танымдық шаралар ұйымдастырамыз, қиындыққа тап болған қыз-келіншектерге жәрдем береміз. Ауданымызда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Қыз тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі. Яғни, бұл бағытқа көңіл бөлінуі тиіс. Егер аруларымыз әжелеріміз ұстанған жолды білсе, ұлттық құндылықтарымыз жойылмайды.
“Адал азамат” жобасының жүзеге асуы талқыланған жиын марапаттау рәсімімен аяқталды. Жастар тәрбиесіне белсенді араласып жүрген аудандық ұйымдардың басшылары ортаға шығып, құрметке бөленді.
Байболат Құлтанов