Қоғам

Спорт саласы өкілдеріне арналған семинар

Облыстағы дене шынықтыру бөлімдері мен қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің өкілдері бас қосты. Спортсүйер ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған мамандарға бірқатар тақырыпта түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдымен сыбайлас жемкорлыққа қарсы саясат жайында баяндалды.

ДИНА АМРИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің бас маманы:

— Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық әкімшілік және қылмыстық болып бөлінеді. Қылмыстық құқық бұзушылыққа өз лауазымын асыра пайдалану, пара алу, оған делдал болу, қызметтiк жалғандық жасау жатады. Ал әкімшілік бұзушылық хаттамасы бұрын істі болған жанды жұмысқа алған, қарамағындағы тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алған жағдайда толтырылады.

Ал екінші мәселе – әлеуметтік желілер арқылы деструктивті діни ағымдарға тартылудың қауіптілігі. Қазіргі таңда өңірде 127 діни бірлестік бар. Олардың әрқайсысы өзіндік ұстанымда. Жиын барысында арнайы келген маман белгілі бір дінді рұқсат етілмеген жерде насихаттау әкімшілік жауапкершілікке алып келетінін айтты. Заң бұзған азаматқа ескерту немесе 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

НҰРТАС НҰРМАҒАМБЕТ, СҚО дін істері басқармасының бөлім жетекшісі:

— Адам діни білім, ақпарат алғысы келсе, оны сенімді көздерден алған жөн. Яғни, мешітке барып имамнан немесе одан қай жерден білім алуға болатынан сұраған абзал. Ал өз бетімен дінді оқу өте қауіпті саналады.

Семинар ұйымдастырған жандар спорт саласы өкілдерін бекерден-бекер таңдамаған. Қазір спортшы жастардың арасында дінге бет бұратындар көп. Олар әуел бастан дұрыс қадам жасап, оң мен солды айыра алуы қажет. Ал ол үшін бүгінгі жиынға келген ұстаздар тарапынан сапалы, салмақты ақыл айтылуы міндетті.

 

Ақтолқын Солтанханқызы