Бұл – Қызылжар ауданындағы Налобино ауылының тұрғыны Галина Тедеева. Кейуана 83 жаста. Жолдасы мен ұлы қайтыс болған. Жалғыз қызы Ресейде тұрады. Сол себепті, күз мезгілінде есік алдын тазалау, отын жару, көмір тасу қарт адамға қиынға соғады. Бұл сәтте шекара қызметкерлері көмекке келеді.
ГАЛИНА ТЕДЕЕВА, Налобино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Осы үйде тұрып жатқаныма 27 жыл болды. Шекара қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Әрдайым көмектесіп, қолдау көрсетеді. Отын жарып, есік алдын тазалайды. Мереке күндері сыйлықтарын да ала келеді.
Жалғызбасты қарияға жиі көмек қолын созатын жандардың бірі – Азамат Маматов. Айтуынша, шекарашылар ауылдағы барлық мұқтаж жанға барынша жәрдемдесуге тырысады.
АЗАМАТ МАМАТОВ, шекара қызметінің офицері:
— Налобино ауылындағы жағдайы төмен жандарға мереке сайын көмектесіп тұрамыз. Әскери қызметшілерді ай сайын жіберіп тұрамыз отын тасуға, қыста қар күреуге. Көмектесіп тұрған дұрыс деп ойлаймын.
Налобино елді мекенінде орналасқан шекара бекетінің қызметкерлері алдағы уақытта да бұл игі бастаманы жалғастыруға ниетті. Себебі, шенділер елдің шебін қорғап ғана қоймай, қарапайым халыққа қол ұшын созуды – парыз деп санайды.
Ұлан Ыдырыс