Петропавлда 48 жастағы әйел 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Облыс орталығында синтетикалық есірткі жасыру күдігімен кезекті нәзікжанды ұсталды. Ол арам ойын қаланың шет жағында жүзеге асырған. Ұстау кезінде тұлғаның сөмкесінен қызғылт түсті кристалл тәрізді зат салынған 15 түйіншек тәркіленді. Кейін белгілі бір жерлерге жасырылған түйіншектер табылды. Алынған синтетикалық дүниенің жалпы салмағы 40 грамға жуықтайды. Бұл шамамен 300 бір реттік дозаға тең. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жедел ақпаратқа сәйкес, әйел есірткі сатумен тамыз айынан бері айналысқан. Жалпы, биыл өңірде есірткі сату күдігімен 132 адам, соның ішінде 13 әйел қолға түскен.