Денсаулық сақтау

Онкологиялық орталықтағы желілік үдеткіштің көмегімен 400-ге жуық адам ем қабылдады

Облыстық онкологиялық орталықтың материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығаюда. Бүгінде мұнда желілік үдеткіш толық қуатта жұмыс істеп тұр. Ол – қатерлі ісіктерді емдеуге арналған бірегей аппарат. Заманауи жабдық жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған компьютерлік томографпен қосылған. Яғни, екеуі науқасқа бірлесе қызмет көрсетеді.

ЮЛИЯ ЛОСКУТОВА, СҚО онкологиялық орталығының трансфузиолог-дәрігері:

— Бұл – сәулелік терапияны жоспарлауға арналған компьютерлік симулятор. Томограф десек те болады. Ол арқылы біз сапалы түсірілім жасай аламыз. Сол бойынша ауру орны және емдеу жолдары анықталады. Бұл – емдеудің алғашқы сатысы. Осыдан кейін ғана науқас сәулелік терапияға жіберіледі.

Ал дәлдігі аса жоғары сәулелік терапия желілік үдеткіште жүргізіледі. Оны сатып алуға “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры 2 млрд 660 млн теңге бөлген. Заманауи аппараттың көмегі зор. Ол арқылы аса қажет ем-дом 3-5 минутта жасалады. Бұл ұзын-сонар кезекті азайтты және бұрынғыдан көп науқас қабылдауға мүмкіндік берді.

ФИРДАВС ӘБДУРАХМАНОВ, СҚО онкология орталығының радиолог-дәрігері:

— Бұл аппараттың артықшылығы – сау органдарға зиян тигізбеуінде. Яғни, сәуле дәл ісік байқалған жерге бағытталады. Осы дәлдіктің нәтижесінде адам бойында айтарлықтай ауырсыну болмайды. Сонымен қатар, емдеу уақыты қысқарды. Бір сөзбен айтсақ, аппараттың тиімділігін сезініп отырмыз. Жұмысымыз жеңілдеді.

Аппарат іске қосылғаннан бері 400-ге жуық науқас ем қабылдаған. Дәрігерлердің айтуынша, желілік үдеткіш бас және мойын ісіктерін, сүт безі мен ми обырын және басқа да қатерлі ауруларды емдеуге мүмкіндік береді.

 

Жангельді Жамалиев