Өнер десе ішер асын жерге қоятын жандардың басы тоғысты. Облыс орталығында қосымша білім беру педагогтерінің арасында “Жыл педагогі” атты байқау өтті. Дәстүрлі шара “Жас дарын” мектебінде ұйымдастырылып, өңірдің барлық ауданынан келген ұстаздарды жинады. Шығармашылық сайыс екі кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар қашықтықтан портфолио тапсырып, кәсіби жетістіктері мен оқушыларымен жүргізген жұмыстарын ұсынды. Ал бүгін офлайн режимде 15 минуттық сабақ үлгісін көрсетті. Осылайша өздерінің әдістемелік шеберліктерін дәлелдеуге мүмкіндік алды.
МАНАТ АЙТУЖИН, байқауға қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
— Қарамағымда 16 оқушы тәлім алады. Қазіргі таңда балалардың домбыраға деген қызығушылығы өте жоғары.
“Сен тұр, мен атайын” деген ұстаздар. Біреуі – домбырашы, екіншісі – қобызшы, ал үшіншісі пианиноның құлағында ойнайды. Әрқайсысына қарап таңдай қағасың. Қазылар алқасына оңайға соқпады. Олар сабақ мазмұнына, қатысушылардың кәсібилігі мен жаңа әдістеріне баға берді.
САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:
— Қосымша білім беру ұйымдарында қызмет ететін педагогтер аспаптық орындау бойынша қатысып отыр. Барлығы – 14 маман.
Байқау қорытындысы бойынша үздік педагогтер анықталып, марапатқа ие болды. Ал жеңімпаз – Қызылжар ауданындағы “Мерей” өнер мектебінің” педагогы Лариса Агаджанян. Оған бас жүлде табысталды. Енді ол өңіріміздің намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.
Ақтолқын Солтанханқызы