Міржақып Дулатов – ұлтын оятқан ұлы тұлға. Атақты Алаш қайраткерінің дүние есігін ашқанына 140 жыл толуына орай Петропавлда әдеби кеш ұйымдастырылды. Шараға мектеп оқушылары, студенттер мен курсанттар арнайы шақырылған. Олар қылышынан қан тамған кешегі заманда аянбаған асқар таудың өмірін, шығармаларын білуі тиіс.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы-журналист:
— Міржақып Дулатовтың шығармалары әлі де өзекті. “Оян, қазақ” деген өлеңін алайық. Ол халықты бірігуге, білімге шақырады. Осындай туындылар қазіргі жастарға қажет.
Міржақып Дулатовтың өмірі – тауқымет, ал атқарған ісі – керемет. Біреу білсе, біреу білмес, қазақ үшін алысқан біртуар перзент Ресейде жер қойнына тапсырылған. Уақыт өте сүйегі Қазақстанға жеткізілді. Сонда көпшілік ерекше сәттің куәсі болып, таңдай қағысты.
ВЕНЕРА ЗЕЙНИНА, ҚР Ұлттық ұланы академиясының аға оқытушысы:
— Қазақта “Жағың түскенше жамандық көрме” деген сөз бар. Міржақовтың сүйегін елге әкеліп, қайтадан жерлеген кезде жағы қайтадан ашылған екен. Бұған документалист-режиссер Қалила Омаров ағамыз куә болған. Сонда “Жағың түскенше жамандық көрме” деген қазақтың сөзі осы кісіге айтылғандай деген ой түйген екен.
Мінезді Міржақып Дулатов өмірінің соңғы күндерінде де ұлт үшін қызмет етті. Тіпті, тар қапаста жатып ерлікке барған. Оны бүгінгі ұрпақ білуі қажет.
ВЕНЕРА ЗЕЙНИНА, ҚР Ұлттық ұланы академиясының аға оқытушысы:
— Ол кісі абақтыда саяси тұтқын болды. Тұтқында болғанның өзінде сөздік жазған. Міржақып атамыз сол сөздік арқылы тұтқындағы қазақтардың орысша үйренгенін қалаған.
Әдеби кеште тарихи фактілер, естеліктер айтылды. Жастар жағы баяндамаларды ұйып тыңдады және арнайы әзірленген кітап көрмесін тамашалады.
Байболат Құлтанов