Қарашаның тұманды күнінде Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесі бойында ашық қызғылт сары түс ерекше көзге түсті. Мұнда «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясы басталды. Полицейлер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полицияның ерікті көмекшілері және Жастар ресурстық орталығының волонтёрлері қала тұрғындарына ленталар мен шарлар таратты.
ӘСЕМ ІЛИЯСОВА, Петропавл қалалық полиция басқармасы бөлімшесінің бастығы:
— Әйелдерге қызғылт сары лента тағуды ұсынамыз. Бұл олардың өздеріне немесе жақындарына қатысты зорлық-зомбылық орын алса, үндемей қалмайтындарын білдіреді. Ерлерге де тағылады. Лента – ер адамдардың зорлық-зомбылыққа жол бермейтіндерінің және оған қарсы белсенді әрекет етуге дайын екендігінің белгісі.
Жыл басынан бері тек Петропавлдың өзінде 1000-нан астам отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Полицейлер жанжал шығарушылармен профилактикалық жұмыс жүргізіп келеді, олардың шамамен 70-і мінез-құлықты психологиялық түзету курсынан өтуде.
МАХАББАТ ШӘЙКЕНОВА, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы:
— Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясы жылда 25 қараша күні басталып, 10-шы желтоқсанда аяқталады. Мақсаты – әйелдерге және балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның назарын аударту.
«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасына сүйене отырып, полицейлер халықаралық акция аясында бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, зорлық-зомбылық деректері туралы міндетті түрде «102» нөміріне хабарлау қажет. Сонымен қатар, әйелдер мен балаларға қатысты қысым көрсету мәселелері бойынша республикалық сенім желісі «111» тәулік бойы жұмыс істейді.
Байболат Құлтанов