Қоғам

Елена Степаненко: “Мамлютканың мәртебесін ауыстыру туралы мәселені халық шешеді”

Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамту – Мамлют ауданындағы ең өзекті мәселенің бірі. Аталған аймақта бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілген. Биыл 11 елді мекен орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтылыпты. Маңызды іске 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімі Елена Степаненко айтты. Ол ең алдымен өзі жетекшілік етіп отырған аймақтың даму қарқынына тоқталды.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

— Биыл ауданға 14,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Диқандарымыз 400 мың тонна өнім алды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, ауданда 100 шақырымға жуық жол жөнделді. 8 медициналық нысан салынып, 4 мәдени ғимарат жөндеу көрді. Атқаратын жұмыс жетерлік. Басты мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын арттыру.

Биыл Мамлют ауданында “Таза Қазақстан” акциясы аясында 150 сенбілік өткізілген. Оған 8 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен қатар, 7 жарым мыңнан астам көшет отырғызылған. Бірнеше беттік баяндамадан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Ағымдағы жылдың жазында Мамлютка қаласының тұрғындары үйлерінің апаттық жағдайда екенін айтып шағымданған болатын. Аудан әкімі бұл мәселеден хабардар.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

— Сіздің айтып тұрғаныныз – Скачкова 62 мекенжайындағы көпқабатты баспана. Салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Ондағы халықпен кездестік. Мәселені “Тұрғын үй қорын ренновациялау” бағдарламасы аясында шешуді жоспарлап отырмыз. Яғни, ескі үйді бұзып, жаңасын салғымыз келеді. Қазіргі таңда инвесторлармен келіссөздер жүргізудеміз.

Өткен айда Мамлютка қаласы ауыл мәртебесін алуы мүмкін деген хабар желіде желдей есті. Елена Степаненконың сөзінше, бұл бірден қабылданатын шешім емес. Халықтың ойын білген аса маңызды.

 

Нұрасыл Ахмет