Желтоқсанға саусақпен санарлық күн қалса да облыс аумағында қысқа тән көрініс байқалмайды. Қар жаумады, сүйектен өтер суық та жоқ. Мұны пайдаланған тұрғындар әлі саябақтарда серуен құруда. Әсіресе, егде жастағы жандардың қарасы қалың. Тұрғындардың көңілінен шыққан мұндай ауа райын синоптиктер алдын ала болжады. Жақында жергілікті “Қазгидромет” мамандары рекордтық көрсеткіш тіркеп, бас шайқаған.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
— Қараша айы әдеттегіден жылы өтіп жатыр. Өңірде 15-і күні ауа температурасы +8,7 градусқа, ал келесі күні +9,0 градусқа дейін көтеріліп, жаңа рекордтар тіркелді. Жауын-шашын облыс аумағында әртүрлі мөлшерде түсті – 23-тен 69 мм-ге дейін, бұл нормадан 1,5-2 есе артық. Ең көп ылғал Ғ.Мүсірепов ауданындағы Рузаевка ауылында тіркелді – 69 мм.
Ал алдағы күндері қандай ауа райы болады? Көптен күткен қар жауа ма? Бұл – көпшіліктің көкейіндегі сұрақ. Сауалды синоптиктерге қойдық.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
— Алдағы тәуліктерде облыс аумағында түнде жауын-шашын тіркелмейді, 3-8 градус аяз күтіледі. Күндіз облыстың кей аудандарында аз мөлшерде қар-жаңбыр жауады, көктайғақ болады және желдің күшеюі байқалады. Онкүндіктің соңында тұрақты ауа райы сақталады: түнде температура 8 градусқа дейін төмендесе, күндіз +2 градусқа дейін көтеріледі.
ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Жылы ауа райының сақталуына экологтар да назар аударып отыр. Мамандар бірнеше маңызды дерекпен бөлісті. Соған құлақ түріңіздер.
ӘСЕЛ БЕКТЕМІРОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ география және экология кафедрасының аға оқытушысы:
— Әлемнің басқа аймақтарына қарағанда бізде климаттық өзгерістер өте жылдам. Сонымен қатар, келген циклонның салдарынан Қазақстанның басым аймақтарында көбінесе климаттық өзгерістер пайда болды. Ауа райы тұрақсыз болып келеді.
Қазір өңірде вирус өршіп тұрғаны жасырын емес. Көшеде, мекемелерде бетперде таққан, дәрігер қарауына жазылған адамдарда есеп жоқ. Яғни, жылы ауа райы түрлі инфекциялық аурулардың таралуына да әкеліп отыр.
МАРИЯ САДОВСКАЯ №2 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері:
— Ауа райының күрт өзгеруі созылмалы аурулары бар адамдардың жағдайын нашарлатады, буын, бұлшық ет және тыныс жолдары ауруларын күшейтеді. Сондықтан, мұндай кезеңде ауыр жұмыстардан аулақ болу қажет, жеткілікті ұйықтау, таза ауада серуендеу, жеңіл тамақтану және дәрігер тағайындаған емді уақытында қабылдау керек.
“Сақтансаң, сақтаймын” дегендей, қазір деннің саулығына баса назар аудару керек. Иммунитеттің әлсіреуіне жол бермеген жөн. Осыны алға тартқан дәрігерлер баршамызды бірінші байлық – денсаулыққа барынша жауапты қарауға шақырады.
Жангельді Жамалиев