Қоғам

Тимирязев ауданынан биыл 200-ден аса адам көшіп кеткен

Журналистер алдындағы есептік кездесу кезегі Тимирязев ауданының әкімі Ерлан Жаровқа да келді. Ауданды бірнеше жыл басқарып отырған азамат бірнеше беттік баяндама дайындап әкеліпті. Қазақша амандасып-қоштасқан атқамінер негізгі ақпаратты ресми тілде ұсынды.

ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:

— 2025 жылы ауданда жолдарды орташа жөндеу бойынша 3 жоба аяқталды. Москворецкое ауылына кіреберісте, Тимирязево-Целинное мен Октябрьское-Ишимское ауылдары аралығында оң өзгеріс орын алды. Жалпы 28 шақырымға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биыл Дмитриевка елді мекенінде көшелерді жөндеу жұмысы басталды. Келер жылы аталған ауылға және Степное мен Жаркенге кірберіс жол жөнделеді. Ақсуатта көшелерге асфальт төселеді.

Жазда жолды жөндеу – бір мәселе, ал қыста тазалау – тағы бір мәселе. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауданда көліктер қар құрсауында қалмауы тиіс. Ол үшін тазалайтын техника сай тұруы міндетті. Сұрақ-жауап сессиясында тілшілер әзірлік жайын сұрады.

ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:

— Тимирязев ауданының аумағы арқылы республикалық, облыстық маңызға ие жолдар өтеді. Мердігер анықталды, жол тазаланады. Ең күрделі жолдар – Ленинское, Ишимское ауылдарына апаратын жолдар. Бүгінде тендер ойнатылды, жолды тазалайтын мердігерлер анықталған.

Тимирязев ауданында жұмыссыздықты жою үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр екен. Сырттан инвестор тартуға басымдық берілген. Қуанышымызға орай, нәтиже бар. Болашақта Ерлан Жаров басқаратын ауданда қытайлық және түркиялық қалталы азаматтар іс бастап, халықты еңбекпен қамтымақ. Әйтпесе адамдар көшуде. Биылдың өзінде 230 адам қоныс аударған.

 

Байболат Құлтанов