Сықырлаған сары аязымен танылған солтүстік өңір тұрғындары үшін жылы аяқ киім – нағыз қажетті дүние. Осы орайда халыққа хабарламамыз бар. Петропавлда якутиялық унтылардың жәрмеңкесі бастау алды. Таза табиғи материалдардан тігілетін тауар аңшылық пен балық аулауға құмартатын және мал бағатын жандарға қажет. Ерекше стилді қалайтындар да осында келе алады. Ерлерге де, әйелдерге де арналған унтылардың бағасы – 80 мен 120 мың теңгенің аралығында.
АЗАТ ЯМАЛЕЕВ, қала тұрғыны:
— Мен Ресейде вахталық жұмыс істеймін. Ол жақ өте суық. Сол себепті, жылы аяқ киім қажет. Унтылар жылы болады. Бұған дейін осыған ұқсасын кидім. Шынымен де таңдау көп. Әйелім екеуіміз жәрмеңке өтіп жатқанын естіген соң, бірден келдік. Бір-бір жұптан таңдап алдық. Сапасына, әдемілігі мен жайлылығына назар аудардық.
Унтылардың ұзақ мерзімге шыдауы – олардың басты артықшылығы. Нағыз қолөнер шеберлерінің жұмысы болғандықтан, бір жұп аяқ киім 10-15 жылға дейін сапасын жоймайды. Жәрмеңкеде 36-дан 45-ші өлшемге дейінгі тауарлар бар.
ЕЛЕНА КОСОЛАПОВА, менеджер, РФ:
— Унтылар табиғи, экологиялық таза материалдардан тігілген. Яғни, бұғы, жылқы, қой мен ит терісінен әзірленді, ал іші қойдың жүнінен жылытылған. Табаны киіз, каучук немесе резеңкемен қапталған. Қалыңдығы 4 сантиметрдей болады. Минус 50-60 градуста аяқ тоңбайды. Аяқты мүлдем терлетпейді. Асты тайғанамайды, су өткізбейді. Ұзын, қысқа, орташа қонышты түрлері бар. Тауар құнын бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ал қолма-қол алғандарға 10 пайыз жеңілдік жасалады.
Якут шеберлері аяқ киімдерінің жәрмеңкесі желтоқсанның 3-ші жұлдызына дейін жалғасады. Жәрмеңке Партизан көшесі, 101 мекенжайындағы “Автомаркет” дүкенінің екінші қабатында өтіп жатыр.
Мәдина Қаби