Ж.Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжінде “Ашық есік күні” шарасы ұйымдастырылды. Оған 14 мектептен 100-ден астам ұл-қыз қатысты. 9-11 сынып оқушыларына колледжде оқытылатын әр мамандық жайлы толық ақпарат берілді. Бірақ, бұл жолғы формат өзгеше. Ақпарат құр баяндама ретінде емес, әр саланың қыр-сырын баяндайтын шағын қойылым арқылы ұсынылды. Шараға келген оқушылардың арасында болашағын медицинамен байланыстырғысы келетіндер бар. Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы Мансұр Ахметжан келешекте хирург болғысы келеді.
МАНСҰР АХМЕТЖАН, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:
Алдағы уақытта жалпы медицинаны таңдап отырмын. 11-ші сыныпты аяқтап, хирургияға түспекшімін.
Бүгінгі таңда колледж студенттерінің саны мыңнан асады. Мамандық саны – алтау. Білім ордасынан биыл 350 түлек түлеп ұшқан. Қала оқушылары үшін ашық есік күні алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ. Ауыл жастары да назардан тыс қалмаған. Колледж өкілдері аудандарды аралап, бағыт-бағдар беру жұмысын жүргізуде.
АЙСҰЛУ САЙЛАУБЕКҚЫЗЫ, Ж.Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжінің кәсіби бағдар берушісі:
— 2025-2026 жылғы оқу жылына арналған профориентациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. 17-ші қараша күні М.Жұмабаев ауданында болдық. 4 ірі елді мекенді араладық. 250-ге жуық мектеп оқушысы қатысты.
2026-2027 оқу жылында медициналық колледжге 150 оқу гранты бөлінбек. Мұнда шәкіртақы көлемі 42 мың теңгені құрайды. Онымен қоса, 300 орынға арналған жатақхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанды келесі жылы қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Ақтолқын Солтанханқызы