ҚоғамТЖ

Бескөл ауылында егеуқұйрықтар қаптап кетті

Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғындарынан маза кетті. Елді мекенде егеуқұйрық қаптап кеткен. Оны мына суреттерден көруге болады. “Тұрғындар кеміргіштер үйге емін-еркін кіріп, қабырғаларды мүжіп, тіпті азық-түліктен түк қалдырмады”, – дейді. Татьяна Белова 64 жаста. Туғаннан бері Бескөлде тұрады. Нәзікжанды бұған дейін мұндай мәселеге кезікпеген.

ТАТЯНА БЕЛОВА, Бескөл ауылының тұрғыны:

— Егеуқұйрықтар жуынатын бөлме мен ас үйде жортып жүреді. Жертөледегі жағдайды мүлдем айтпай-ақ қояйын. Үйде немерелерім бар. Солар үшін алаңдаймын. Арасында кезектесіп ұйықтайтын кездеріміз де болды.

Ал Светлана Боярская болса күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Нәзікжанды үйінде жалғыз қалуға қорқады. Себебі, егеуқұйрық тістеп ала ма деп қорқады. Оның сөзінше, кеміргіштердің берекені қашырып, мазаны алғанына бірнеше аптаның жүзі болған.

СВЕТЛАНА БОЯРСКАЯ, Бескөл ауылының тұрғыны:

— Егеуқұйрықтың үлкендігі соншалықты, мысығымның олармен арпалысуға шамасы жетпейді. Кеміргіштің кесірінен жаман ауруға шалдығамын ба деп қорқамын. Аудандық әкімдік шара қолданып жатыр. Алғысым шексіз. Тек пайдасы тисе болғаны.

Аудандық әкімдік өкілдері мәселені шешу үшін дератизациямен айналысатын компанияны жалдаған. Олар қазіргі таңда баспаналарға бас сұғып, егеуқұйрықтарды улауда.

АЛМАТ ӘБІЛМӘЖІНОВ, компания директорының орынбасары:

— Біз алдымен тұрғындармен тілдесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Баспананы толықтай тексереміз. Содан кейін ғана барып, ас үйге, жуынатын бөлмеге және жертөлеге улағыш заттар қоямыз.

Әкімдік өкілдері тұрғындардан баспаналарын таза ұстауды, қоқысты уақытылы шығаруды сұрайды.