Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдің 2025-2027 жылға арналған бюджеті талқыланды. Мінберге бірнеше беттік баяндамамен қаржы басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов шықты. Қазынадағы қаражатты уақытылы әрі тиімді игеру – ел билігі жүктеген басты міндет. Сондықтан, бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Жиын барысында атқамінер құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бөлінген қаржыны 2 млрд 400 млн теңгеге қысқартуды ұсынды.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
— Оның ішінде, Петропавл қаласына бөлінген қаржыны 2 млрд 300 млн теңгеге қысқартуды сұраймын. Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаев ауданында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияларға бағытталған қаражатты 65 млн-ға және облыста салынатын бірнеше нысанның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге бөлінген қомақты ақшаны азайту қажет. Бұған мердігерлердің ғимараттардың құрылысын уақытылы аяқтай алмауы себеп дегім келеді.
Қысқартылған қаражаттың 2 млрд 300 млн теңгесі білім беру, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласына бөлінеді. Қалғаны кәсіпкерлікті дамыту және индустриялық-инновациялық даму басқармасына бағытталады. “Бұл шешім облыстың дамуына тың серпін береді”, – деді Қуанышбек Серікұлы. Жиын барысында облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Руслан Асаубаев құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Шытқановқа өзекті сұрақ қойды.
РУСЛАН АСАУБАЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
— Қызылжар ауданындағы Белое ауылына салынатын жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жыл соңында дайын болады деп уәде берген едіңіздер. Әлі жоқ. Ал балалар болса күн сайын басқа елді мекенге қатынап оқып жүр. Бұған не дейсіз?
Серікжан Шалабайұлы сұраққа мардымды жауап берген жоқ. Мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Ал облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Қуанышбек Қалижановтың айтқан ұсынысын бірауыздан қолдады.
Нұрасыл Ахмет