СҚО әкімдігі

Айыртаулық жеке кәсіпкердің құқығы қорғалды

Осыдан үш жыл бұрын айыртаулық жеке кәсіпкер кәсібін дамыту мақсатында әкімдіктен 15 сотық жерді жалға алады. Келісімшарт талаптарына сәйкес, ол бұл аумақта мал шаруашылығымен айналысуы тиіс болған. Жоспары орындалады. Заңға сүйенсек, егер тұлға төңіректі бес жыл пайдаланса, көздеген нысанды тұрғызса, жерді жеке меншікке рәсімдей алады. Іскер жан жоспарды мерзімінен бұрын орындаған. Алайда, Лобанов ауылдық округінің әкімі аумақты кәсіпкердің атына аударудан бас тартқан.

НҰРГҮЛ ЖАНМҰРЗИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО департаментінің бас маманы:

— Өтініш берушінің пікірінше, Айыртау ауданы Лобанов ауылдық округі әкімінің шешімі заңсыз шығырылған. Департамент жүргізген тексеріс кезінде бұзушылықтар орын алғаны расталды. Департаменттің араласуымен өтініш берушінің құқықтары қалпына келтірілді.

Жалпы, жыл басынан бері департаментке проблемалық 20 өтініш түскен. Шағымдардың басым бөлігі жер қатынастары және сәулет-құрылыс қызметі салаларына қатысты болған. Қаралған өтініштердің нәтижесінде 7 азаматтың талаптары заңды деп танылған.

НҰРГҮЛ ЖАНМҰРЗИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО департаментінің бас маманы:

— ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қатысты шағымдарды қарау бойынша уәкілетті орган болып табылады.

Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттік органдардың басты міндеті. Ал мұндай мысалдар қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыра түседі.

 

Мәдина Қаби